10 мау, 2019 сағат 10:15

ОСК Тоқаевтың жеңіске жеткенін хабарлады

9 маусым күні өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Қазақстан сайлаушыларының 70,76 пайызы "Нұр Отан" партиясының кандидаты, іс басындағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап дауыс берді. Сайлаудың алдын ала қорытындысын бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров жария етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан Республикасы бойынша Жамбыл Ахметбеков 167 249 дауыс немесе сайлаушылардың 1,83 пайыз дауысын, Дания Еспаева 478 153 дауыс немесе сайлаушылардың 5,2 пайыз дауысын, Әміржан Қосанов 1 472 733 дауыс немесе сайлаушылардың 16,02 пайыз дауысын, Төлеутай Рахымбеков 294 271 дауыс немесе 3,2 пайыз дауысын, Амангелді Таспихов 190 304 дауыс немесе сайлаушылардың 2,07 пайыз дауысын, Қасым-Жомарт Тоқаев 6 504 054 немесе сайлаушылардың 70,76 пайыз дауысын, Сәді-Бек Түгел 84 348 дауыс немесе сайлаушылардың 0,92 пайыз дауысын жинады", - деді ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров.


Сондай-ақ, ол 160 мың Қазақстан азаматы сайлауға алғаш рет қатысты айтты.

"Алғаш рет  бұл сайлауға 160 203 жас қатысты. Олар алғаш рет дауыс берді. Бұған қоса, осы науқанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқықтарын қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай шаралар қабылданды. Алдын ала деректерге сәйкес, сайлау комиссиялары жасаған мүмкіншіліктерді учаскелерде ерекше қажеттіліктері бар 12 061 сайлаушы пайдаланды. Оның 3 502-сі кресло-коляскаға таңылған сайлаушы, 4 361-і көзі нашар көретін сайлаушы, 3 425-і мылқау және саңырау сайлаушы.", - деді Петров Орталық сайлау комиссиясының отырысында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес,  тізімге енгізілген сайлаушылардың 77,4 пайызы сайлау бюллетеньдерін алды.    

Олардың ішінде Ақмола облысы бойынша 83,4,  Ақтөбе облысы бойынша 84,9, Алматы облысы  бойынша 89, Атырау облысы бойынша  71,2, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 84,9, Жамбыл облысы бойынша 81,3, Батыс Қазақстан облысы бойынша 66,3, Қарағанды облысы бойынша 77,3, Қызылорда облысы бойынша 81,6, Қостанай облысы бойынша 84,1, Маңғыстау облысы бойынша 68,9, Павлодар облысы бойынша 81,2, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 79,8, Түркістан облысы бойынша 84,8, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 68,9, Алматы қаласы бойынша 52,2, Шымкент қаласы бойынша 67,6 пайыз сайлаушылар дауыс берді.  

Exit poll нәтижесі

9 маусымда өткен президент сайлауынан кейін Exit-poll нәтижесі жарияланып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілік дауыспен жеңіске жеткені белгілі болды.

"Қоғамдық пікір" институты жүргізген сауалнама нәтижесі Тоқаевтың 70,13% дауыс жинағанын көрсетті. Сайлаушылардың 15,39%-і Әміржан Қосановқа, 5,32%-і Дания Еспаеваға, 3,86%-і Жамбыл Ахметбековке, 3,03%-і Төлеутай Рақымбековке, 1,41%-і Амангелді Таспиховқа, ал 0,86%-і Сәді-Бек Түгелге дауыс берген.

Ал "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген Exit-poll нәтижесі бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 69,94% дауыс жинады. Әміржан Қосанов – 14,96%, Дания Еспаева – 4,78%, Жамбыл Ахметбеков – 3,06%, , Төлейтау Рахимбеков – 2,71%, Амангелді Таспихов – 2,63%, Түгел Сәдібек – 1,92% дауыс жинады.