Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына 59 шетелдік байқаушыны аккредиттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Зәуреш Баймолдинаның атап өтуінше, Сыртқы істер министрлігінен бірқатар миссиялардың байқаушыларын аккредиттеуге ұсыныстар келіп түскен. Оның ішінде 35 байқаушы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар миссиясының, 1 байқаушы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының, 7 байқаушы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі миссиясы құрамына кіреді.
«Сонымен қатар Армения, Болгария, Грузия, Малайзия, Молдова, Латвия, Ресей Федерациясы және Түркияның орталық сайлау органдарынан 16 байқаушы ұсынылып отыр. Барлығы 59 байқаушы аккредиттеуге ұсынылды. Аккредиттеуге ұсынымдардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылатын болады», - деді З.Баймолдина.
Айта кетейік, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы 2019 жылғы 3 маусым күнгі сағат 18:00-ге дейін жүзеге асырады.