10 мам, 2023 сағат 14:49

Саясиландырудың қажеті жоқ - Қошанов Президенттің Ресейге сапары жайлы

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған жұмыс сапарына қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

«Мен мұны дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі Ұлы Отан соғысы мен Ұлы жеңіс – біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан барлық бауырлас мемлекеттердің басшылары сол парадта болды. Мұны соғыста шейіт болған ата-бабаларымыз, әке-аталарымыз арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін», - деді Қошанов.

Мәжіліс спикері атап өткендей, Қазақстаннан 1,2 млн-ға жуық адам соғысқа қатысқан.                                                                                                                       

«Оның жартысы соғыстан оралмады. Олардың көбі Ресейде жатыр. Олардың іздеушісі, жоқтаушысы болуы керек пе, болмауы керек пе? Менің ойымша, ол іздеуші, ол жоқтаушы – қазақ халқы, Президент болуы керек. Президенттің сапарына зерделеп қарасаңыз, ол алдымен Астанадағы Отан қорғаушылар мемориалына барып, гүл шоғын қойып, ерлікпен көз жұмғандарға тағзым етті. Сонымен бірге ардагерлерімізге Халық қаһарманы атағын берді.

Содан кейін Ржев қаласына барды. Онда 22 мың қазақстандық азамат соғыста қаза болған. Олардың бәрінің аты-жөні тасқа қашалып жазылған. Солардың бәріне зиярат жасау үшін Президент сол жерге барды. Өзіміздің дәстүріміз бойынша Құран да оқытты. Жоқтаушысы болып барды», - деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасы ол жерде Президенттің әкесінің туған ағасы Қасым Болтаев та жерленгенін айтты.

«Сондықтан бұл сапарда Президент өзінің азаматтық борышын, перзенттік борышын және президенттік борышын атқарып келді деп есептеймін», - деді Ерлан Қошанов Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.