07 қаз, 2022 сағат 16:17

Саяси бастамалар ел дамуына тың серпін бермек


Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде «Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат», – деген болатын. Расымен, бүгінде халықаралық ахуал күннен-күнге қиындап барады. Осындай күрделі жағдайда біз үшін бәрінен маңыздысы – жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы. Сондықтан парасаттылық пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік. Ал бірлік – бейбітшіліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Осы кепілді сыйлайтын – мықты мемлекет басшысы. Өзінің жаңа бастамалары мен саяси реформаларын ұсынып, елі мен жері үшін жанын салып жүрген азаматтың бірі Қасым-Жомарт Тоқаев деп атауға болады. 

Меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бастамалары ел дамуына тың серпін бермек. Мысалы, президент сайлауын өткізу туралы бастама кейінгі үш жылдағы саяси жаңғыру бағытына толыққанды сай келеді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа, неғұрлым теңдестірілген тәртібін бекітіп, жаңа үлгіні іске қосу мақсатында мемлекеттің Президент, Парламент, Үкімет, мәслихаттар сияқты шешуші институттарын қоса алғанда, бүкіл саяси жүйені қайта бастамақ. 

Соның бастамасы ретінде президенттік мандаттың бір-ақ рет, жеті жылға сайлануы. Осы аралықта халықтың қалауымен сайланған азамат елдің өсіп-өркендеуіне әкеледі деп сенемін. Мысалы, кешегі Съезд ұйымдастырудың өзі өте орынды. Себебі  өзара пікір алмасу, кейбір мәселелерді талқылау тұрғысында съездің маңызы арта түсті.  Егер біз  Әділетті Қазақстан  құруды қаласақ, саяси реформалар жүйелі түрде жалғасын тапсын десек, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдауымыз қажет деп есептеймін. 

Серік Бектұрғанов,

қоғам қайраткері