Талдықорған қалалық полиция басқармасының кезекші
бөліміне облыс орталығының 20 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Хабарламада
белгісіз біреулер қаладағы саябақтардың бірінде ақша ұрлағаны айтылған.
Алматы облысы полиция департаменті таратқан ақпаратқа
сүйенсек, оқиға 1 тамыз күні Орталық саябақ аумағында болған.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында саябақ
аумағында белгісіз азамат ақша мен әмиян ұрлағаны белгілі болды. Тәртіп
сақшылары Талдықорған қаласы жедел іздестіру басқармасының бейнебақылау
камералары көмегімен күдікті адамды анықтады», – деді Талдықорған қалалық полиция
басқармасының басшысы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.
Тәртіп сақшылары қылмыс туралы мүмкіндігінше тезірек
хабарлауға кеңес береді. Әрбір жоғалған минут қылмыскердің із жасыру
мүмкіндігін арттырады.
«Полиция қызметкерлері іздестіру шаралары барысында
күдіктінің жеке басын анықтап, тұтқынға алды. Күдікті Көксу ауданының 28
жастағы тұрғыны болып шықты, ол бұлтартпас дәлелдер келтіргеннен кейін кінәсін
мойындады. Оған қатысты ҚР ҚК 187-бабы 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды»,
– деді полковник Асқар Нұрсапа.
Еске сала кетсек, Алматы облысында өткен жылдың қазан
және қараша айларында ұрлық деректеріне қатысты, атап айтқанда жеке үйлерден
өзгенің мүлкін қолды қылудың 12 дерегі тіркелген болатын. Оның алты дерегі
Талдықорған қаласында, бесеуі Сарқан және біреуі Көксу аудандарында жасалған. Сериялы
ұрлық тізбесіне қатысы бар күдіктілерді анықтау мақсатында білікті полицейлерден
іздеу тобы құрылып, ұрлықтарды жасауға қатысы бар қылмыстық топтың жымысқы
әрекеті әшкереленді.