09 қаң, 2020 сағат 15:15

Сауытбек Абдрахманов: Президент мақаласында Абай сөздері қазіргі күні жазылғандай естіледі

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың халықтығы, елдің елдігі ұлыларын ұлықтай алуынан, асылдарын ардақтай алуынан танылады. Қай халық та өзінен шыққан ғажайып тұлғаларды құрметтейді. Олардың ерен еңбегін ескеріп, есімдерін елді мекендерге береді, ескерткіштер орнатады. Қазақ халқы да – сондай халық. Бізде де бүкіл әлемге әйгілі етуге лайықты тұлғалар баршылық. Солардың ішінде – ұлы ақын, философ, аудармашы, композитор Абайдың орны ерекше. Ел газеті – «Egemen Qazaqstan»-да жарияланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы – бәріміз күткен сөзді айтуымен, дер кезінде әрі Абай жылының бастапқы белесінде айтылуымен қуантып отыр», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мақаласы – Абай шығармашылығының бүгінгі заманмен қалай астасатынын, қазіргі кезең үшін қандай көкейкесті екенін айқара ашып беруімен құнды.

«Президент Абай мұрасын қазіргі жаңғыру идеясына әбден орайлы келтірген. Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» деп жазады Президент. Мақалада дәл қазіргі күнде жазылғандай болып естілетін Абай сөздерінің қадір-қасиеті, мән-маңызы терең ашылған дей аламыз. Мәселен, кеше ғана қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңның өзін де Тоқаев Абай шығармаларындағы ұстаздықтың, білім алып, тіл үйренудің қажеттігін айтқан терең ойларымен астастырып отыр. Әрі ол ойларды бүгінгі таңдағы өзекті проблемалармен қабыстыра білген. Мысалы, «Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» дейді. Мұндай мысалдарды Президент мақаласынан көптеп келтіруге болады», - деді ол.

Сауытбек Абдрахманов сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы» деген тұжырымы – шын мәнінде өте терең ой екенін атап өтті. Оның айтуынша, өзін-өзі тани алған, өзіне сын көзімен қарап, өзін қамшылай алған адам ғана ілгері баспақ.

«Президент мақаласы елді, ұлтты Абайша сүюге шақыруымен құнды. Кейбір мақалаларда, сұхбаттарда Абай өз халқының қателігін тым көп көрсеткен, қоясын тым ақтарып жіберген дегендей әңгімелердің айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл орайда мақала авторы: «Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» деген ой айтады. Еңбек те, халқымыздың бойындағы жаңашылдық, өзгерістерге бейімдік бүгінгі таңда өзгеше жарқырап көрінуі тиіс екендігі айтылған. Еңбектің қадір-қасиеті жөніндегі Абай тұжырымдарының таратылуы да көкейге әбден қонады. Атап айтылған тағы бір тұжырым – Абайдың «толық адам» туралы ойын қайта зерделеуге шақыруы. Бұл бағытта Мемлекет басшысы ғалымдарымызды тың зерттеулерді қолға алуға үндеп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен айтсақ «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Біз Абайдың ойынан да, тойынан сабақ алуға тиіспіз», - дейді Мәжіліс депутаты.

Сауытбек Абдрахманов өз сөзінде мақалада Абай тойының ұйымдастырылуына байланысты нақты тапсырмалар көрініс тапқанына да назар аударды.

«Елдің рухани дамуында ерекше орын алар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеу – барша халықтың көңілінен шығатын құнды ұсыныс. Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыру, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөлу, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру, Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу сияқты тапсырмалар дер кезінде орындалып, Ұлы ақынның тойына дейін өз шешімін табар деп сенеміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы – қазақ қоғамын ақын тойын лайықты атап өтуге әрі шақыратын әрі бағыттайтын бағалы еңбек», - деп түйді ол.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.