23 сәу, 2020 сағат 16:18

Сәуірде үстемеақы алатын медицина мамандарының саны екі есе артады

«Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов дәрігерлерге үстемеақы беруге қанша қаражат қарастырылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус бойынша қызметтерді өтеу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бөлген қаражаттан денсаулық сақтау басқармалары наурыз айында 17 425 медициналық қызметкерге 3 млрд 371,2 млн теңге төледі. Бұл соманың барлығы дерлік төленді», - деді Айбатыр Жұмағұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Оның айтуынша, медицина қызметкерлерінің көпшілігі - шамамен 9 мың маман үшінші топта үстемеақы алған. Оған 846 млн теңге жұмсалды. 

«Ең көп сома екінші санат бойынша төленді - 7 мыңнан астам маманға 1,8 млрд теңге жұмсалды. Ал қаупі жоғары топта жұмыс істеп жүрген 1,4 мың маманға 717 млн теңге төленді. Сонымен бірге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметкерлері - емхананың 2,5 қызметкері - 185 млн теңге, 4 мыңға жуық жедел жәрдем бригадалары - 1,2 млрд теңге көтермеақы алды», - деді спикер. 

Оның айтуынша, негізгі жүктеме Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына түсті. 3,371 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі осы екі қаланың мамандарына төленді. 

«Өзге өңірлерде де инфекция жұқтырған науқастар санының артуын ескере отырып, сәуір айында бөлінетін қаражат әрине, өзгереді. Біздің болжам бойынша, үстемеақы алатын медицина мамандарының саны екі есе көбеюі мүмкін», - деді А. Жұмағұлов.