Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік мәселелері қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өткен жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро (ХЭБ) тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысы бойынша 2011–2017 жылдардағы еліміздің ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалағанын айтты. Мәселен, бағаланған 47 позицияның 14-і бойынша Қазақстан өз позициясын жақсартты, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, 3-уі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар берілді.
Министрдің айтуынша, ХЭБ ұсынымдарына сәйкес бруцеллезге қарсы күрес стратегиясы қайта қаралды, жоғары патогенді құс тұмауына қарсы күрес стратегиясына өзгерістер енгізілді. Сібір жарасы бойынша жыл сайын 100% қамти отырып, сезімтал жануарларға алдын ала вакцинациялау жүргізіледі.
«Қазақстан нодулярлық дерматитке қарсы күрес жөніндегі халықаралық сарапшылардың оң қорытындысын алды. Осы жылдың ақпан айында Қытайдың Бас кеден басқармасы Қазақстан Республикасын нодулярлық дерматит бойынша саламатты деп таныды, аусыл бойынша шектеулер алып тасталды, ірі қара және ұсақ мал еті бойынша ветеринариялық талаптар келісілді, ет комбинаттарында инспекция жүргізілді, қой етін қайта өңдейтін 5 кәсіпорын Тізілімге енгізілді және сиыр етін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын енгізіледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қазақстандық ет өнімдерінің Қытай нарығына шығуына жол ашты», — деді С. Омаров.
Халықаралық эпизоотиялық бюрода вакцина салынбайтын аймақтағы (ҚР 9 облысы) және вакцина салынатын 5 аймақтағы Қазақстанның аусыл бойынша саламаттылығы қайта расталды.
Иранмен Қазақстаннан сиыр етін, ұсақ малдың субөнімдерін, тағамдық жұмыртқаны, союға арналған малды экспорттауға қойылатын ветеринариялық талаптар келісілді. Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара және ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификат келісілді. Бахрейнге сиыр еті мен қой етін экспорттау жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта Қытаймен шошқа еті бойынша ветеринариялық талаптар, Оманмен сиыр еті мен қой етіне, тірі ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификат келісілуде.
Осы жылдың басында Қазақстан шошқаның африкалық обасы бойынша саламатты ел мәртебесін алды. ХЭБ-пен Францияда ветеринария мамандарын оқыту жұмысы жалғасуда. Заңнамалық негізде ветеринариялық бақылау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесін құру, жергілікті атқарушы органдарда ветеринариялық қызмет вертикальін құру, жануарлар мен өнімдердің орнын ауыстыруды бақылау үшін мобильді бекеттер құру, үшінші елдердің Тізіліміне енгізу үшін қазақстандық кәсіпорындарға жүргізілетін инспекцияларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көзделеді.
Аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы дер кезінде қабылданған шаралар шегірткелердің таралу аймағын өткен жылғы 1,9 млн гектардан осы жылы болжанып отырған 950,4 мың гектарға дейін екі есеге азайтуға мүмкіндік берді.
«Пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынды. Сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», — деді ауыл шаруашылығы министрі.
Қазақстан осы айдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатуда.
«Шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап қалуға және шошқалардың классикалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттыруға жол ашады», — деп түйіндеді С. Омаров.
Өңірлерде ветеринарлық шаралардың орындалуы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов баяндады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек соңғы жылдары аса қауіпті карантиндік ағзалардың таралу аумағының төмендеп келе жатқанын айтты. Мәселен, 2018 жылды 2017 жылмен салыстырсақ, 112 га төмендеген. Биыл аталған алаңдарды тағы 7% қысқарту көзделген. Қабылданып жатқан шаралар жергілікті деңгейде өнімділік пен егіс алқаптарының көлемін арттыруға жол ашады.