ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзінше, барлық өңірде пияз, сәбіз, картоп, күріш, ұн айтарлықтай қымбаттаған. Бағаның өсу себептері - реттелмеген өнідіріс, тиімсіз делдалдар санының көп болуы, сақтау шарттарының орындалмауы, тұтынушыға дейін кепілденген жеткізу арналарының жоқтығы болып отыр.
«Бағаны тұрақтандыру шараларына келсек, биыл 16 тамызда ішкі сауда ережесіндегі өзгерістер күшіне енді. Оған сәйкес, отандық өндірушілерге барлық сауда нысандарында өз тауарларын орналастыруға мүмкіндік беріледі. Ол үшін ішкі сауда субъектілері сөрелерінің кемінде 30% отандық азық-түлік тауарларына арнау керек. Бұл ретте халыққа ыңғайлы болу үшін отандық тауарлар бұрышы «Қазақстанда жасалған» арнайы белгісімен белгіленеді», - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.
Бағаларды тұрақтандырудың тағы бір шарасы – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан асырмау.
«Одан бөлек, сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сыйақы (ретро-бонус) ала алмайды, ал қалған азық-түлік тауарлары бойынша 5%-дан аспайтын мөлшерде белгілейді. Осыған байланысты, бизнес субъектілеріне аталған нормаларды орындау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», - деді Бақыт Сұлтанов.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта министрлік Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасын әзірлеуде. Заңда жоғарыда аталған нормаларды орындау бойынша әкімдіктер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің құзіреті, ішкі сауда субъектілерінің жауапкершілігі көзделетін болады.