Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда сауда – экономикадағы негізгі салалардың бірі. Қазіргі таңда бұл сектор жалпы ішкі өнімнің 19%-ын қамтып, 1,5 миллионнан астам азаматқа жұмыс беріп отыр. Ел аумағында 748 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі, 626 базар және 142 мың бөлшек сауда нысаны жұмыс істейді, деп хабарлайды Ult.kz.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында сауда саласында тұрақты өсім байқалды. Сауданың нақты көлем индексі (НКИ) жоспарланған 8%-дың орнына 8,4%-ға жетіп, сауда көлемі 31,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде көтерме сауда көлемі – 21,2 трлн теңге, бөлшек сауда – 10,1 трлн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Елдің барлық өңірлерінде оң динамика сақталып отыр.
Шикізаттық емес экспортты дамыту жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында өңдеу өнеркәсібі саласындағы экспорт көлемі 7,8 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорттық өсім күнбағыс майы (69,5%), жануарларға арналған азық (2,5 есеге) және өңделмеген алтын (52,7%) бойынша байқалды. Негізгі нарықтар – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, ЕО елдері мен Жапония.
Тегеран, Будапешт, Сиань, Чунцин және Кабул қалаларында өткізілген сауда миссиялары нәтижесінде 100-ден астам қазақстандық компания шетелдік серіктестермен 333 млн АҚШ доллары және 15 млн еуро көлемінде келісімдерге қол қойды. Бұл – отандық өнімдерге халықаралық нарықта сұраныс бар екенін көрсетеді.
Сауда және интеграция министрлігі экспорттық акселерация бағдарламасын іске асырып жатыр. Қазіргі таңда 120 компания экспортты жедел дамытуда. Сондай-ақ, Шанхайдағы импорттық көрмеге қатысу арқылы Қытай нарығына жол ашу жұмыстары жүргізілуде.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында да нәтижелі жұмыс бар. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 27 889 өтініш қаралып, азаматтарға 881,4 млн теңге қайтарылған.
