Сауд Арабиясы Катарға ультиматум қойды. Катар айтылған шарттарды 24 сағатта орындамаса не болатыны әзірше белгісіз, - деп жазады Вести.Экономика басылымы.
Басылымның мәліметінше, дипломатиялық дағдарыстан кейін Катар саяси тұрғыдан оқшауланып қана қоймай, мұнай экспорттау мүмкіндігінен айырылды.
SkyNews Arabia Сауд Арабиясының Катарға 10 шарт қойғанын хабарлайды.
Сондай-ақ, БАҚ-тарда Сауд Арабиясының басты қойған талабы - Катардың Хамас ұйымымен және "Ағайынды мұсылмандар" ұйымымен қарым-қатынасын тоқтатуы екені айтылады.
Ультиматум орындалмаған жағдайда не болатыны әзірше белгісіз.
Ал Al Jazeera басылымы Кувейт әмірі Шейх Сабах әл-Ахмад әл-Джабер Әл-Сабахтың Сауд Арабиясының королі Салман бин Абдул Азизбен жүргізген келіссөздерден кейін араб елдері мен Катар арасындағы жағдайды бейтараптандыру үшін Сауд Арабиясынан кетіп қалғанын айтады.
Кувейт әмірі Катар басшысы шейх Тамим бен Хамад Әл-Таниден жағдайды ушықтырудан аулақ болуды сұрады. Сонымен қатар, Кувейт әмірі жағдайды ушықтыратын шешім қабылдамауға шақырды.
Осыған дейін ҚР СІМ басшысы Қазақстанның Катарға қатысты ұстанымын айтқан еді.
Еске салайық, дүйсенбіде Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр елдері Катармен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгенін мәлімдеген болатын. Олар Доханы БАҚ-ты арандатушылық мақсатта қолданып, лаңкестік іс-әрекетті қолдауын тоқтатпады деп айыптады. Ал кейін Ливияның шығыс бөлігіндегі билік, Мальдив аралдары және Маврикий де Катармен байланысын үзгенін жариялаған еді.
Катар мен араб елдері арасында жанжал Эр-Риядта өткен Парсы шығанағы елдері мен АҚШ саммиті кезінде катарлық агенттік әмір атынан Иранмен байланысты жақсарту туралы мәлімдеме жариялағанда туындады. Ал саммит кезінде Катар жиналған барлық елдің атынан Иранды жаугершілігі үшін айыптап, қарсы жауап болатындығын мәлімдеген еді. Кейін Катардың сыртқы істер министрінің ресми өкілі агенттік сайты бұзылғанын және әмір атынан айтылған сөзді хакерлер орналастырғанын хабарлаған еді.