23 мау, 2020 сағат 08:00

Сауд Арабиясы биыл шетел азаматтары үшін қажылық болмайтынын хабарлады

22 маусым күні Сауд Арабия қажылық және умра министрлігі шілденің соңында болатын биылғы қажылыққа “тек санаулы” шетел мұсылмандары қатыса алады деді.

“Бұл шешім қажылықтың қоғамдық денсаулықты сақтау тұрғысынан қауіпсіз өтуі үшін жасалды. Адамзатты пандемияға байланысты қатерден қорғауға қажетті және адамзаттың өмірін сақтап қалу жөніндегі Ислам іліміне сәйкес барлық алдын алу шаралары мен қашықтықты ұстану хаттамалары жүзеге асырылады” делінген министрлік мәлімдемесінде.

Қажылық - мұсылманның бес парызының бірі. Денсаулығы мен қаражаты бар мұсылман ғұмырында бір рет қажылық жасауға міндетті.

Әр жыл сайын 180-нен астам елден 2,5 миллион адам Сауд Арабиясындағы Мекке мен Мәдинаға қажылыққа келеді.

Миллиондаған шетел азаматының келуі немесе адамдардың топталуы жұғу деңгейі жоғары коронавирустың тарауын үдетуі мүмкін. 

Сауд Арабиясы болса, коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің қатарынан табылып отыр. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, елде 161 мың адамнан коронавирус анықталған. Оның 1307-сі қайтыс болған.