12 қар, 2018 сағат 12:56

«Сарыарқа» газ құбыры 2,3 млн адамды табиғи газбен қамтамасыз етеді

Келешекте 2,7 миллион адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбыры Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық стансасынан басталады. Аталмыш стансадан бастап Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана бағыты бойынша газ құбыры құрылысы жүргізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Қараөзек» жаңа стансасы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырынан 944 шақырымда орналасқан. Осы жылғы сәуірде Ақтөбе облысында пайдалануға берілген «Бозой» стансасымен қосарлы жұмысқа есептелген. Бұл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының өткізгіштік қабілеттілігін 10 млрд текшеметр газға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, «Қараөзек» КС құрылысы Қазақстанның астанасы Астананы және солтүстік өңірлерді алдағы газдандыруды есепке ала отырып жоспарланған. Бұл мақсатты орындауға станса қуаты толығымен жетеді.

Биыл «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бесінші бастамасы «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» болатын. Осы орайда, қазіргі таңда, «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының алғашқы кезегіндегі Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытын 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында бастап, 2019 жылдың желтоқсан айында толықтай аяқтау жоспарлануда.

«Толығырақ айта кетсек, «Сарыарқа» МГҚ жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, тамыз айының аяғында қорытындысы алынды. Алғашқы кезеңнің құрылысы 267 млрд теңгені құрап отыр. Жалпы ұзындығы 1000 шақырымға созылған газ құбыры Қызылорда, Қарағанды және Ақмола облыстарының аумағынан өткізіледі. Оның 178 шақырымы Сыр өңірінде. Жобаны іске асыру барысында 800-ге жуық адам уақытша, құрылыс аяқталған соң 220 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

Аймақта газ қысымы деңгейін реттеу мақсатында тағы екі бірдей компрессорлық станса салынуда. Қазалы ауданы Ақсуат елді мекені мен Аралға қарасты Сексеуіл ауылында тұрғызылып жатқан бұл нысандардың құрылысы биыл аяқталуы тиіс», - деді  облыстық энергетика және тұрғын үй шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.

Жобаны жүзеге асыру арқылы «Сарыарқа» магистральды газ құбырының бойындағы 171 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Ең бастысы, жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарының барысында шамамен уақытша 800 адам жұмыспен қамтылса, магистральдық газ құбыры іске қосылғаннан кейін 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтылады.