06 қыр, 2021 сағат 21:35

Сарыағаштық кәсіпкер пісте сатып аламын деп 57 млн теңгеге алданып қалған


Түркістан облысы Сарыағаш ауданының кәсіпкері пісте сатып аламын деп 57 млн теңгеге алданып қалған. Ол Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынына қомақты ақшаны салып жіберіп, кейін қайтарып ала алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың қараша айында Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға арызданған. 

Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын ол Нұр-Сұлтан қаласында пісте өнімін арзан бағада сататын адам барын естіп, оған 500 тонна пістеге тапсырыс бергенін жеткізген. 

Сөйтіп телефонмен тілдескен сатушының есепшотына 57 миллион теңгеден астам ақшасын аударып жіберген. 

Алайда арадан 20 шақты күн өтсе де, пісте өнімін алмаған. Не болмаса ақшасын қайтармаған. 

Аса ірі мөлшердегі алаяқтық қылмысын ашуға облыстық тергеу басқармасының қызметкерлері мен аудандық полицияның жедел-тергеу тобы жұмылдырылған. 

Тәртіп сақшылары қажетті іс-шараларды жүзеге асырып, алаяқтық жасаған жас жігітті 3 тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан ұстаған. 

Оны Сарыағаш АПБ-не жеткізіп, күдікті өз кінәсін толығымен мойындаған. 

Осы іс бойынша нақты дәлелдер сотқа жолданып, оған қатысты үкім шыққан. 

Тергеу барысында күдіктінің үлкен көлемдегі қаражатты көріп, ойы өзгеріп, жеңіл жолмен ақша тапқысы келгені белгілі болған. 

Сондай-ақ, жәбірленушінің ақшасын өз қажетіне жұмсап жіберген. Оның үйін тінту кезінде тек 20 миллион теңге ақша табылған. 

Қалған ақшаға «СhevroletMalibu», «ChevroletTracker» маркалы жеңіл автокөліктерін және соңғы үлгідегі «iPhone 11 Pro», «Samsung» маркалы ұялы телефондар сатып алғаны анықталған. 

Ақшаның қалған бөлігін таныстарына қарызға берген болып шықты. 

Сарыағаш аудандық соты 24 жастағы күдікті жігітті ҚР ҚК 190-бабымен кінәлі деп танып, 4 (төрт) жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. 

Себебі, жәбірленуші тарап сотта айыпталушыға кешірім берген.