12 қаз, 2020 сағат 11:44

Сарқандағы бес қабатты үйге Абай мен Мұхаметжан Тынышбаевтың муралы салынды

Алматы облысының Сарқан ауданында ұлы Абай және Мұхаметжан Тынышбаевтың муралы салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай барлық өңірде осындай суреттер салып, есімін ұлықтауда. Әлемді өз туындыларымен тәнті еткен Абай атамызға және алғашқы теміржолшы, ұлт мақтанышы, Сарқан ауданының тумасы Мұхаметжан Тынышбаевқа арналған муралдар көпқабатты үйлердің бірінде салынды. Мақсатымыз - қазақтың мақтанышына айнала білген қос ұлы тұлғаның суретін тек әсемдік үшін салып қана қоймай, жастардың өз тарихын, ұлы тұлғаларының есімдерін ұмытпауға тәрбиелеу», - делінген Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметінің жариялаған ақпаратта. 

Жас ұрпақ санасында Абайдың, Мұхаметжан Тынышбаевтың еңбектері мен шығармалары мәңгі мұра болып қалары анық.

Сарқан қаласында көпқабатты үйдің қабырғасында Хәкім Абайдың және Мұхаметжан Тынышбаевтың портреті «Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында, аудан әкімі Талғат Қанатұлының қолдауымен салынды.