14 шіл, 2021 сағат 12:17

Сарапшылар "дельтаның" жылдам тарауы мен баяу вакциналау індетті өршітіп отыр дейді


Коронавирустың дельта вариантының жылдам тарауы және вакциналау науқанының баяу жүруі әлемде коронавирус індетін қайта өршітті. Денсаулық сақтау саласының сарапшылары осылай деп мәлімдеді. Колумбия, Индонезия, Ұлыбритания, Испания мен АҚШ-тың әрқайсысында күн сайын шамамен 30 мың төңірегінде науқас тіркеліп жатыр. Мамандар халықты вакцина алуға үгіттеelt. Сарапшылардың айтуынша, коронавирус көбіне вакциналау науқаны баяу жүріп жатқан аймақта өршіп отыр, деп жазады Азаттық.

11 шілдеде АҚШ-та шамамен 23 600 адамнан коронавирус анықталды. Бұл маусым айының соңындағы көрсеткіштен екі есеге көп. Дегенмен қаңтар айында АҚШ-та вакциналау науқаны басталмай тұрғанда күніне 250 мың науқас тіркелген. Ресми орындар халыққа коронавирустың жылдам жұғатын дельта вариантының жылдам тарап жатқанын ескертті. 13 шілдеде Лос-Анжелесте қатарынан бес күн мыңнан астам науқас тіркелген. 

Өзге елдерде де дельта варианты жылдам тарап жатыр. Индонезияда 13 шілдеде 47 899 адамнан коронавирус анықталды. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген ең жоғары көрсеткіш. Ауруханаларға қатты салмақ түсіп, оттегі жабдықтары таусылған. Кейбір адамдар ауруханада орын болмағандықтан коронавирус жұққан туыстары мен достарын үйде қарап, өз бетінше емдеп жатыр. 

Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанда да вирус күшейген. 13 шілдеде Қазақстанда 4500-ден астам адамнан коронавирус анықталды. Бұл былтырдан бері тіркелген рекордтық көрсеткіш. Дүйсенбі күні елде 59 адам Covid-тен қайтыс болды. Өткен аптадан бері коронавирустың рекордтық көрсеткіші қатарынан бірнеше күн үздіксіз жаңарып келеді. Нұр-Сұлтанда науқастар сыймағандықтан қонақүй, түрлі кешендер коронавирус жұқтырғандарды қабылдайтын стационарға айналып жатыр. Қазақстанда 2,5 млн адам коронавирусқа қарсы вакцина алған. Бірақ елде вакцинаға сенбейтіндер әлі де көп. Вакцинаның жалған паспортын сатып алушылар туралы мәлімет жиіледі. 

Қырғызстанда 13 шілдеде 1400-ге жуық науқас тіркелді. Министрлік бұған дейін елде коронавирустың "үшінші толқыны" басталғанын айтқан.