20 жел, 2019 сағат 12:33

Сарапшы: Ұлттық кеңес «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іске асып жатқанын көрсетіп отыр

Ұлттық кеңестің жұмысы «халыққа құлақ асатын мемлекет» қағидатының іске асып жатқанын көрсетіп отыр. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің басшысы Қазбек Майгелдинов Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында көтерілген ұсыныстарға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, Ұлттық кеңестің екінші отырысы біріншісінен қарағанда біршама салмақты ұсынысымен ерекшеленіп отыр. Үш айдың ішінде кеңес мүшелері көтерген мәселелелер төңірегінде Президент нақты тапсырмаларды берген болатын. Мәселен, алғашқы отырыста саяси блоктың құрамындағы Айдос Сарым бес заңға өзгеріс енгізу бойынша бастама көтерген еді. Оның ішіндегі қай-қайсының да митингілер туралы заң, саяси партиялар мен сайлау туралы заңның да салмағы баршылық. Бүгінгі екінші отырыста Президенттің өзі саяси партиялардың мүшелерін тіркеуді 40 мыңнан 20 мыңға азайту туралы ұсыныс жасады. Бұл – жалпы елдегі көппартиялы жүйені дамыту, сонымен қатар саяси плюрализм мәселесі тұрғысында ең маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін», - деді сарапшы.

Оның айтуына қарағанда, отырыс барысында қоғамдағы түйткілді мәселелелер бойынша өзге де маңызды ұсыныстар түсіп, шешімдер қабылданған.

«Ауыл шаруашылығы телімдерін тиісті пайдалануға байланысты келесі жылдың 1 мамырына дейін пилоттық жоба ретінде космомониторинг қолдану ұсынылды. Сонымен қатар, шетелдік жұмысшыларға бөлінетін квоталарды 40 пайызға азайту туралы ұсыныс болды. Бұл өзгеріс отандық жұмысшылардың құқықтарын теңестіруде бірден-бір оңтайлы шешім деп есептеймін. Сондай-ақ, көпбалалы аналарға бөлінетін әлеуметтік көмектерді бала саны бойынша беру туралы нақты шешім жасалды. Сонымен қоса, экономикалық салада Ұлттық банк тарапынан ұлттық валютаға бағамдарын тікелей көрсету немесе Есеп комитетінің 1 қаңтардан бастап меморгандарға жасалған аудит нәтижесін ашық порталдарда жариялау – мемлекеттің ашықтық саясатының көрінісі деуге болады», - деді ол.

Қазбек Майгелдинов айтуынша, Ұлттық кеңестің жұмысы қазіргі таңда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының іске асып жатқанын көрсетіп отыр.

«Қазіргі таңда қоғам тарапынан талаптар күрт өсіп кетті. Сонымен бірге, қоғамның мемлекеттік билікті қолдауы тұрғысында сұрақтар пайда бола бастады. Осы мәселенің шешімін табу үшін Ұлттық кеңес құрылғанын білесіз. Ендігі кезекте үш айдың ішінде бұл кеңестің өміршеңдігін көріп отырмыз. Яғни, ұсынылған мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысы өтіп, онда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.