05 нау, 2019 сағат 17:19

Сапарбаев: Жан басына шаққандағы табыс 10 теңгеге асып кетсе, әлеуметтік төлем берілмейді

Адам басына шаққандағы кіріс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен, яғни 20 789 теңгеден сәл ғана асып кетсе, бұл отбасы тұрмысы нашар отбасы санатына кірмейді. Себебі тәртіп сондай. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Шара барысында БАҚ өкілдері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевқа бірнеше сауал қойған болатын.

Оның алғашқысы зейнет жасындағы ата-анасымен бірге тұратын көпбалалы отбасыларға қатысты болды. Тілшілер тарапынан «Атаулы әлеуметтік көмек есептелген кезде олардың зейнетақысы назарға алына ма?» деген сұрақ жолданды.

Бұл сауалға Бердібек Сапарбаев: «Зейнетақы есептелінеді», - деп қысқа жауап қайырды.

Тұрғылықты мекенжайға тіркеуге қатысты сауалға да министр кідірмей жауап беріп, көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын жерде міндетті түрде тіркеуге тұруы тиістігін атап өтті.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен атаулы әлеуметтік көмек туралы сұрауды да ұмытпады.

"Отбасының жан басына шаққандағы кірісі 20 789 теңгеден 10-15 теңгеге асып кетсе, бұл азаматтар тұрмысы нашар отбасы санатына кірмей қала ма?", - деп сұрақ қойды БАҚ өкілі.

Министр бәрі заңға сәйкес жүзеге асатынын айтты.

"Кірмей қалады, себебі тәртіп солай. Солай деп белгіленген. 20 789 теңге, одан аспау керек. Ал егер асып кетсе, төленбейді", - деп қысқа қайырды Сапарбаев.

Баспасөз мәслихатына қатысқан вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова да атаулы әлеуметтік көмек берген кезде тәртіптің болуы тиістігін атап өтті.

«Қандай көмек беретін болсақ та, тәртіп болуы керек. Белгілі шек болуы шарт. Отбасы бірге тұрғандықтан, бір үйде тұратындықтан барлық кіріс есептеледі. Алтын алқа, Күміс алқа бойынша төлемдер, мүгедек бала күтіміне берілетін жәрдемақылар ғана есептелмейді», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетсек, Қазақстан президентінің тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 1 шілдесінен бастап атаулы әлеуметтік көмек критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентіне дейін көтеріледі. Яғни, 14 мың 849 теңгеден 20 мың 789 теңгеге дейін, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 мың 698 теңге.

Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатындар саны қазіргі 570 мыңнан 830 мың азаматқа дейін көбеймек.