20 шіл, 2023 сағат 15:53

Санкция Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға әсер етсе, зардабы ауыр болады - СІМ

Фото: © iStock

Былтырдан бастап Қазақстан Ресейге әскери мақсаттағы тауарларды жеткізуді толық тоқтатты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Былтырдан бастап Ресейге әскери мақсаттағы тауарларды жеткізуді толық тоқтаттық. Сонымен қатар электронды шот-фактуралар арқылы санкция салынған барлық тауарларға мониторинг жасалады. «Бір күндік» компанияларды анықтаймыз, яғни ешқандай қызмет көрсету бойынша тарихы жоқ, бір күннің ішінде құрылған тауар жеткізушілерге жол бермес үшін тексеріс жүргізіледі. Сондықтан, Қазақстанға қатысты санция тәуекелдері мен қауіп көріп отырған жоқпыз. Еліміз жанама санцияларды болдырмау үшін шаралар қабылдап отыр», - деді министрдің орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Сондай-ақ, Алмас Айдаров Ресейге салынған санкциялар екі ел арасындағыы дәстүрлі сауда-саттыққа әсер ететін болса, онда оның зардабы ауыр болатынын жеткізді.

«Біз үшін санкция салынуы ықтимал елдер орбитасына түскеніміздің өзі - зор қауіп. Қазақстанның мұндай мемелекеттер қатарына қосылмағаны маңызды. Бәріміз білеміз, Ресейге қатысты ықтимал санкциялардың барлығы қолданылды. Енді ол жанама санкцияларға ұласуы мүмкін. Ал, Қазақстанның Ресеймен арадағы тауар айналымы жыл сайын 25 млрд доллар көлемінде. Егер қазір біздің дәстрүрлі сауда-саттығымызға санкция әсер етсе, онда оның Қазақстан мен Ресейге тигізетін салдары ауыр болады. Сондықтан біздің жұмыстың барлығы санкцияға түспеуге бағытталады», - деп түйіндеді Алмас Айдаров.