Кенесары ханға қатысты жәдігерлер бойынша үлкен көрме өткізу үшін ресейлік музейлермен келіссөздер жүргізу керек. Бұндай пікірді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп жазады "Ұлт ақпарат".
«Жақында Ресейге барғанда Кенесары ханға тиесілі осы кісені көрдік. Кенесары ханның мылтығы Омбыда сақтаулы тұрғаны мәлім болды. Сондықтан ресейлік музейлер Кенесарыға байланысты Қазақстанда көрме өткізсе, өте жақсы болар еді. Яғни басқа да тұлғаларға қатысты жәдігерлерді әкеліп тұрса, бұны жақсы бастама деп бағалар едік», - дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Берік Әбдіғалиұлы Фейсбуктегі парақшасында Санкт-Петербургте Кенесары ханның кісесі сақталғаны анықталғанын жазды.
«Алаш әскері тақырыбын зерттеп жүріп, Сейілбек Жанайдаровтың 1915 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейіне Кенесары ханның кісесін тапсырғаны туралы дерек кездестірдім. Бұл жәдігер «Ксе - пояс киргизского хана Средней Орды» деген атпен аталған музейдің қорында бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Оны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен Санкт-Петербургтегі музейге барғанда өз көзімізбен көруге мүмкіншілігі туды», - деп жазды әлеуметтік желіде ол.
Осы орайда ол Сейілбек Жанайдаров 1918 жылы Атбасар Алаш әскери дивизионын құрған әрі Алашорда үкіметінің кандидат мүшесі болған азамат екенін еске салып өтті.
«Бұл жәдігер Сейілбек Жанайдаровтың қолына қалай түскенін зерттей келе анықтағанымыз - ол кісе Сейілбектің атасы - Кенесары ханның әскери қолбасшыларының бірі Жанайдар Орынбайұлынан қалған мұра екен. Жанайдар батырдың ерліктері туралы Мұса Шормановтың, Мәшһүр Жүсіптің, Доскей ақынның, Жамбылдың, Иманжан Жылқайдарұлының естеліктері мен жырларында кездеседі. Сондай-ақ бұл туралы І.Есенберлиннің «Қаһар» романында да жазылған. Батырдың ұрпақтарының айтуынша, Кенесары хан өзін өлімнен бірнеше рет қорғап қалғаны үшін әрі көрсеткен ерліктері үшін аталған кісені Жанайдар Орынбайұлына тарту еткен. Жалпы Кенесары өз батырларына соғыста көрсеткен ерліктері үшін орден-медаль орнына алғыс ретінде үлкен сый-сияпатпен марапаттау дәстүрі болған. Сондай-ақ Көкшетау шайқасында жеңіске жеткені және шынайы ержүректік көрсеткені үшін Кенесары Ағыбай батырға атасы Абылай ханнан қалған қанжарды тарту еткен екен. Бұл туралы ақпаратты жақын арада толығырақ көрсетемін», - деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.