24 жел, 2020 сағат 12:03

Санкт-Петербургте «Абай» ақпараттық-мәдени орталығы ашылды

Ресейдің Ұлттық кітапханасында «Абай» ақпараттық-мәдени орталығының ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шара қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы (ҰАҚ) қолдауымен ұйымдастырылды.

Орталықта Абай шығармаларының және ол туралы басылымдардың көрмесі болады. Мұнда әр келуші ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды, оның шығармаларының әлемнің түрлі тілдеріндегі еңбектері мен аудармаларын, белгілі абайтанушылар, филологтар мен жазушылардың зерттеулерін, электронды және ноталық басылымдарды, Абай шығармаларының жинақтарын таба алады.

Ашылу салтанатына ҚР Санкт-Петербургтегі Бас консулы Бауыржан Досманбетов, ҰАҚ жетекшісі Үмітхан Мұңалбаева, «Ата-Мекен» үкіметтік емес ұйымының басшысы Сәрсенғали Құспанов, сондай-ақ Санкт-Петербургтің ғылыми және шығармашылық интеллигенциясы қатысты.

Іс-шара аясында қазақ диаспорасының өкілдері мен «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Бекзат Смағұловтың орындауында Абай Құнанбайұлының шығармалары қазақ және орыс тілдерінде шырқалды.