19 ақп, 2022 сағат 11:45

«Самұрық-Қазынада» сатып алулардың жаңа тәртібі қалай іске асырылады?


Мемлекет басшысының Қордың сатып алулар жүйесін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алулардың жаңа әдістемесін әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Самұрық-Қазынаның» сатып алуларын жүзеге асырудың жаңа тәртібін қоғаммен талқылау үшін құжаттың жобасы ресми веб-сайтта жарияланды. Бұл бастама Қордың компаниялар тобында сатып алулар үдерісін ашық, жариялы түрде әрі қолжетімді ету үшін іске асырылуда. ҚР Қаржы министрлігінің ұсынысымен, сатып алулардың жаңа тәртібінің жобасы сатып алулардың барлық процедураларын қамтиды, өзге құжаттарға сілтемесі жоқ. Демек, тікелей қолданылатын құжат болып саналады», - делінген қордың мәліметінде. 

Маңызды өзгерістердің бірі ретінде бір көзден сатып алуға негіз болатын факторларды барынша азайтуды атап өтуге болады. Бұдан бөлек, холдинг ішінде сатып алуларды толығымен алып тастау көзделіп отыр. 

Бақылау шараларының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бақылау Ережесінің жобасына ұсыныс ретінде бақылау нәтижелерін арнайы ақпараттық жүйе – шағымдар реестріне орналастыру көзделген. Қазіргі таңда порталда шағымдарды қарау тәртібі іске асырылған. 

Ал, шағымданушылар өздерінің арыздарының қаралу процесін, орындаушының аты-жөні мен шешім шығару мерзімдері сияқты барлық ақпаратты онлайн түрде көре алады. 26 қаңтар күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында сатып алуларды реформалау бойынша онлайн-конференция ұйымдастырылды. 27-ші қаңтарда Қордың Басқарма төрағасы А.М. Сәтқалиев бизнес-қоғамдастық өкілдерімен ашық онлайн-конференция өткізді. Онда «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алулар жүйесін жетілдіру мәселесі жан-жақты пысықталды. 

Қордың сатып алулары, яғни жоспарлаудан бастап, келісімшартты жасасу және оны орындауға дейін сатып алулардың веб-порталында автоматты түрде жүзеге асырылады. Ол барлық мүдделі тұлғалар үшін қолжетімді және «Атамекен» ҰКП-ның Бірыңғай сатып алулар терезесімен интеграцияланған. Бизнес-қоғамдастықтың және азаматтық қоғам белсенділерінің Қордың сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша барлық ұсыныстары арнайы ашылған usynys@sk.kz электронды поштасына да қабылданады. Аталған поштаға азаматтардан шамамен 400 ұсыныс келіп түсті. Соның жүзден астамы сатып алулар мәселесіне арналған. Барлық ұсыныстар жүйелендіріліп, сарапталып, бизнес-қоғамдастықпен, «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдармен талқылануда. 

Пікір алмасу нәтижесінде, әрі қарай Қаржы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісілген соң, Сатып алулардың жаңа тәртібі қабылданады. Қордың сатып алулар жүйесін дамыту Президенттің тапсырмаларына сәйкес әрі қарай жалғастырылатын болады және ең алдымен, отандық бизнесті дамытуға бағытталады.