26 қаң, 2023 сағат 12:54

«Самұрық-Қазына» шетелдік топ-менеджерлерден арылып жатыр

Сурет ашық дереккөзден алынды

«Самұрық-Қазына» қоры шетелдік топ-менеджерлерден арылып жатыр. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылы «Самұрық-Қазына» қорының басшылық құрамында өте маңызды өзгерістер болды. Басқаруды директорлар 2 есеге қысқарды, қалған бес басқарушы директордың үшеуі ауысты. Бүгінгі таңда президенттік кадр резервінің 3 мүшесі басқарушы директор болып отыр. Сонымне қатар бір жылдың ішінде Қор тобындағы 12 ірі өндірістік компанияның 8-іне жаңа басшы тағайындалды. Олар: «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Qazaq Air», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Қазына Өндеу», - деді Ғибрат Ауғанбаев баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, басшылық қызметке Қазақстан мамандарын тағайындау бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Былтыр «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялардағы 10 шетелдік басшының орнын жергілікті мамандар басты. Мәселен, тарихта алғаш рет «Qazaq Air» әуе компаниясының басшысы болып Еркін Наурызбаев тағайындалды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ты Жәнібек Тайжанов басқарса, «Air Astana» әуе компаниясының бортта қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті болып Елена Обухова қызметке кірісті. Директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны да азайып келеді. Бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға, яғни 40 пайызға қысқарды», - деді ол.