06 қаз, 2022 сағат 17:32

"Самұрық-Қазына" лауазымына 18 үміткер детектор сынағынан өте алмаған


«Самұрық-Қазына» компаниялар тобында басшылық лауазымына үміткер болған 18 адам полиграф аппараты арқылы жүргізілетін сынақ түрінен өтпей қалған. Бұл туралы “Самұрық-Қазынаның” қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі директоры Ғибрат Ауғанов мәлім етті, - деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, аталған сынақ түрі үміткердің сыбайлас жемқорлық бойынша тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді. 

«Бірінші басшылар, басқарушы директорлар және құрылымдық бөлім басшылары лауазымына үміткерлер комплаенс-тексеруден өтеді. Ондағы мақсат – үміткердің қор компанияларының жоғары лауазымды басшыларына туыстығының бар-жоғын, сыбайлас жемқорлық және репутациялық тәуекелдерді анықтау», - деді Ғибрат Ауғанов. 

Оның сөзінше, полиграф сынағы арнайы кәсіби мамандармен биылдан бастап жүргізіледі. 

«Самұрық-Қазына» қорында биыл наурыздан бастап сатып алу саласында басшылық лауазымға тағайындалатын үміткерлерді полиграф аппараты, яғни жалғандықты анықтайтын детектор арқылы тексеру енгізілді. Үміткерлерді тексеруді Қазақстан полиграфологтар қауымдастығының мамандары жүргізеді. Қазіргі таңда қор тобындағы 38 компанияда 96 үміткер полиграфтан өтті. Оның ішінде 18 үміткер аталған сынақтан өтпей қалды», - деді спикер.