01 қаз, 2019 сағат 13:28

Самұрық-Қазына «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының SPO-дан түскен қаражатын Ұлттық қорға аударады

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобындағы үздік компаниялардың бірі «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның акцияларын IPO-ға сәтті шығарды. Бұл туралы бүгін өткен брифинг кезінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Алмасадам Сатқалиев пен қордың Экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры-Басқарма мүшесі Ернар Жанәділ мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дәлірек айтсақ, «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы биржаға жаһандық депозитарий қолхаттарын қосымша орналастырған.

«2018 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес, «ҚазАтомӨнеркәсіп»  ұлттық компаниясының IPO-сы өткізілген еді. Ол кезде бастапқы құны бір жаһандық депозитарий қолхат үшін 13 АҚШ доллар деңгейінде анықталған болатын. Қорға тиесілі компаниялардың 15 пайыз акциясы, яғни, 38.9 млн акция IPO-ға шығарылды», - деп еске салды Ернар Жанәділ.

Ал, өткен аптада, яғни, 2019 жылғы қыркүйектің соңында «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ  IPO-ға  3,8 жаһандық депозитарий қолхаттарын қосымша орналастырған. Акциялар Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қор биржасына шығарылған.  

«Не дәл қазір, неге дәл осы акциялар деген сұрақтар көп туындап жатыр. Осы сұрақтарға жауап бере кетейін. Біріншіден, нарықтағы қазіргі тұрақтылық пен «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ соңғы қаржылық нәтижелеріне инвесторлар тарапынан оң көзқарас қалыптасқан жағдайдағы акция құны өткен аптада тарихи максимум деңгейіне жақын болды. Яғни, 15-15,5 доллар диапазонында», - дейді Ернар Жанәділ.

Жалпы, «Самұрық-Қазына» өкілдері акциялар өте жақсы бағамен шықты деген сенімде. Бұған қосымша, халықаралық инвесторларға да, жергілікті инвесторларға да бірдей қысқаша уақыт берілді. Дегенмен де, сандарға тоқталсақ, қосымша орналастыру жақсы өтті деп санаймын. Барлығы 9 млн 860 мыңнан аса қолхатты орналастырдық. Оның ішінде 6 млн 500 мың қолхат халықаралық инвесторларға,  3 млн 360 мың қолхат жергілікті  инвесторларға берілді. Ал егер биржалардың үлесіне тоқталсақ, осы жылдың нәтижелеріне сүйенсек, Лондон мен Астана қаржы орталығының үлесі тең: елу де елу пайыз. Ол өте жақсы нәтиже», - деп атап өтті ол.

Ең бастысы, осы акцияларды сату елімізге  128 млн доллар қосымша қаражат кіргізген. «Ол қаражаттың барлығы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобында қалмайды. Біз оның барлығын жақын арада Ұлттық қорға аударамыз», - дейді «Самұрық-Қазына» басқарма мүшесі Ернар Жанәділ.