«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болды. Қор басшысы «Сарша» газ құбыры, «CASPI BITUM» ЖШС, «Ақтау» теңіз порты сынды бірнеше нысанға бас сұқты, деп хабарлайды Ұлт порталы.
Нұрлан Жақыповтың айтуынша, «Сарша» газ құбыры жарты жылға кешігіп пайдалануға берілді.
«Газ құбыры құрылысының кешігуі мердігердің ауысуы мен қаржыландыру мәселесіне байланысты. Бұл қиындықтарды біріге жеңгеніміз жақсы. Құны 7,5 млрд теңге болатын өңір үшін стратегиялық маңызды жоба аяқталды. Сондықтан сапарды дәл осы нысаннан бастау маңызды еді», - дейді Қор басшысы.
Ұзындығы 60 шақырым болатын жерасты құбыры Ақтау маңындағы Сарша ауданы мен «Жылы жағажай» курорт аймағын газдандыруға мүмкіндік берді. Жоба туристік нысандарға инвестиция тартуға және өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді.
Нұрлан Жақыпов «CASPI BITUM» ЖШС зауыты басшылығы алдына өңдеу қуатын 1,5 есеге, жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға қауқарлы мердігерді тарту міндетін қойды.
Сонымен қатар қор басшысы тұтынушылар тарапынан битумға уақытылы алдын ала тапсырыс жасау қажетін атап өтті. Қыс пен көктем арасындағы битумға деген сұраныстың төмендігінен және тұтынушылар тарапынан алдын ала тапсырыстардың болмауынан зауыт толық қуатта жұмыс істемейді. Бұл ретте дәстүрлі түрде жыл сайын жол-құрылыс жұмыстарының сұранысы бойынша сұрақ туындайды. Қор басшысы жол-құрылыс компанияларымен осы бағыттағы жұмысты бастауды және тоғанақталған битумды қолдануды кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Ақтау теңіз сауда портында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы «Құрық» портының, Ақтау теңіз солтүстік терминалының және Қазтортрансфлоттың қызметімен танысты.
Еуропа елдері «Орта бағытқа» немесе ТХКБ-ға ерекше қызығушылық танытып отыр. Сондықтан Қазақстан өсіп келе жатқан халықаралық бәсекелестік жағдайында жүктерді жеткізу үшін неғұрлым қауіпсіз серіктестің рөлін қамтамасыз етуі тиіс. Осыған байланысты Қор басшысы Каспийдің таяздануы және Ақтау мен Құрық порттарының су айдынын тереңдету, сондай-ақ жүк айналымынан стратегиялық, алдағы онжылдықтарға арналған болжамды сценарийлермен табыс алмау мәселесін шешуге жақындауды ұсынды. Нұрлан Жақыпов айтқандай, контейнерлік хаб жобасына қатысты әлі күнге дейін инвесторлардың ешқайсысымен нақты келісімдер жасалмаған. Ол осы жобаны іске асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды.