19 жел, 2018 сағат 16:43

«Самұрық - Қазына» АҚ мен Назарбаев университеті кадр әлеуетін бірлесіп арттырмақ

 
Бүгін Астанада «Самұрық - Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу әріптестік туралы Меморандумға қол қойды.  
 
Бұл құжат негізінде «Самұрық - Қазына» мен оған еншілес компаниялар қызметкерлері Назарбаев университетінде кәсіби біліктілігін арттыра алады. Сәйкесінше, Назарбаев университетінің студенттері ұлттық әл-ауқат қоры мен оған қарасты компанияларда өндірістік тәжірибеден өтеді.
 
«Самұрық - Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов өз сөзінде компаниялардағы кадрлық әлеует жоғары екенін атап өтті.
 
«Самұрық – Қазына» ең ірі ұлттық компанияларды біріктіріп отыр. Біздің компаниялар алдындағы талаптар мен міндеттердің маңыздылығына орай ең мықты мамандар таңдалған деп сеніммен айта аламын. Соған қарамастан білікті қызметкерлермен толықтырып отыру әрқашан қажет. Назарбаев университетінің студенттері біздің қорға қарасты ұлттық компанияларда тәжірибеден өту мүмкіндігін алса бізге де маман таңдау мәселесі оңтайлы болады, - дейді қор басшысы.
 
Демек, ұлттық әл-ауқат қоры өндірістік тәжірибе барысында студенттер арасынан ең қабілетті жас мамандарды іріктейді. Осылайша, «Самұрық - Қазына» АҚ мен Назарбаев университеті арасындағы келісім Қордың компаниялар тобындағы кадр саясатын дамытуға бағытталған.
«Самұрық - Қазына» қоры жас мамандарды тәрбиелеу және қолдау мақсатында бүгінде екі бағдарламаны жүзеге асырып отыр: «Жас өркен» және «Цифрлық жаз».
 
«Біздің Қорда және ірі компанияларда жұмыс істеу үшін тамыр-таныс емес, білім мен білік, талант пен еңбекқорлық қажет екенін көрсетіп отырмыз.  Және маман таңдаудың осы тәсілін жалғастырып қана қоймай, ауқымын кеңейте түсеміз», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.
 
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуір айында Ұлттық әл-ауқат қоры жаңа кадр саясатын жариялады. Оған сәйкес, басқарудың шағын құрылымы бекітілді және барлық еншілес компанияларда маман таңдаудың бірыңғай шарасы енгізілді.