Фото: Болат Шайхинов, Sputnik Қазақстан
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды" - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қадағалау ведомствосы Конституция нормаларына сәйкес заң мен сот алдында бәрі тең екенін атап өтті.
Тергеу қорытындысы бойынша заңды іс жүргізу шешімі қабылданатын болады.
Айта кетейік, Самат Әбіш – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2015 жылдан бастап қаңтар оқиғасына дейін, яғни 2022 жылдың қаңтарына дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Естеріңізге салайық, қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Артынша оларға сот үкімі шықты. Мәсімов мүлкі тәркіленіп, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал Мәсімовтің орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен босатылды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ.