Қазақстан халқы салықтық берешек туралы мәліметті SMS-хабарлама арқылы біле алады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгінгі отырыс барысында салықтық берешек туралы азаматтарды алдын ала ескерту жүйесін енгізуге қатысты депутат Ирина Аронова тиісті ұсыныс жасады.
«Салықтық берешекке байланысты біздің азаматтар еліміз шекарасынан өте алмайды. 2018 жылдың маусымындағы жағдай бойынша төрт мыңға жуық азаматта елімізден шетелге сапарлауға шектеу болды. Өкінішке қарай, бұл жайында салық төлеушілердің көбісі бақылау бекетінен өту кезінде тек әуежайда хабардар болды. Бұл өз кезегінде жоспарланған сапарына шыға алмаған азаматтардың уақыт әрі қаржы шығындарына алып келеді. Осы орайда, салықтық қарызы туралы жеке адамдарға SMS-ескертуді алдын ала жолдау мүмкіндігі бар ма?», - деді И. Аронова Қаржы министріне қарата айтқан сөзінде.
Өз кезегінде Әлихан Смайылов, әрбір салық төлеуші өзінің берешегі жайында e-gov порталында, Қаржы министрлігінің салық төлеуші жеке кабинетінде, банктің онлайн-сервисі арқылы біле алатынын атап өтті.
«Сонымен қатар, біз екі өңірде қанатқақты жобаны жүргізудеміз. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында көлік құралдарына қатысты төлемдер туралы салық төлеушілерге мәліметтерді бағыттаймыз. Осының нәтижесінде биыл салықтық берешектің барлық түрі бойынша Қазақстан аумағында SMS-ескертуді енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді ведомство басшысы.