02 ақп, 2021 сағат 08:00

Салықты әкімшілендіру бағытында кешенді шаралар қабылданады

Қосылған құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен ашылған жұмыс орындары және жұмысқа орналастырылған азаматтар туралы мәліметтерді электрондық түрде қабылдау қамтамасыз етіледі. Жақында бюджеттен, оның ішінде Жұмыспен қамту жол картасы аясында қаржыландырылған мемлекеттік бағдарламалардың қатысушыларын қашықтықтан бақылау және талдау күшейтіледі», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, салықты әкімшілендіруді оңтайландыру және жеңілдету бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Олар тауарларды бақылау жүйесін, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен электрондық пломбаларды енгізуді қамтиды. Бұл контрагенттер арасындағы іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етеді. 

«Бұдан басқа, қосылған құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда. Бұл салық төлеуден жалтару тәуекелін айтарлықтай төмендетеді және қолма-қол ақша алу жөніндегі мәмілелерді қысқартады», - деді Ерұлан Жамаубаев.