11 ақп, 2022 сағат 19:35

Салық төлеуді кейінге қалдырғанда азаматтың жалғыз баспанасы кепілге алынбайды


2022 жылдың 1 наурызынан бастап салық төлеу мерзімін кейінге қалдырғанда немесе бөліп төлеуге мүмкіндік берілгенде жеке тұлғаның жалғыз баспанасы кепілге алынбайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Салық заңнамасына сәйкес салық төлеу мерзімін кейінге қалдырғанда немесе бөліп төлеуге мүмкіндік алу үшін өтінім бергенде салық төлеуші кепілге мүлікті (бөліп төлеуге берілген мерзімге байланысты: жылжымайтын мүлік, автокөлік, құрылғылар және т.б.) қоюы керек. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 52-бабының 2) тармақшасы ережелермен толықтырылып, енді жеке тұлғаның, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның жалғыз тұрғын үйі кепіл нысанасы бола алмайды. Аталған өзгертулер 2022 жылдың 1 наурызынан бастап қолданысқа енеді», - делінген ведомство ақпараттында.

Комитет мәліметінше, осы түзетулерді іске асыру мақсатында ҚР Қаржы министрлігі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарының мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 10 шілдедегі № 665 бұйрығына өзгерту енгізу туралы» ҚР Қаржы министрінің бұйрық жобасын әзірледі.

Бұл жоба ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталына 2022 жылдың 7 ақпанында жарияланған.

Жобаны жария талқылауды өткізу мерзімі – 2022 жылдың 21 ақпанына дейін.