03 ақп, 2021 сағат 14:55

Салық рақымшылығы: 1 млн-нан астам адамның өсімпұлы кешірілді

Қазақстанда азаматтардың өсімпұлдарын есептен шығару бойынша салық рақымшылығының қорытындысы шығарылды. Осы орайда 1 млн-нан астам адамның 2 млрд теңге қарызы кешірілді. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекеттік кірістер комитеті 2020 жылғы 31 желтоқсанда жеке тұлғаларға мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша салық рақымшылығы аяқталғанын хабарлайды. Жеке тұлғалар үшін өсімпұлды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 2 шілдедегі заңына сәйкес жүргізілді. Есептен шығарудың басты шарты салық бойынша негізгі қарыз сомасын төлеу болды.

Өсімпұлды есептен шығару үшін ешқайда барудың қажеті жоқ еді. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті болды және өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылды», - делінген комитет мәліметінде. 

Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 21 697 164 206 теңге негізгі қарызы және 4 254 324 271 теңге мөлшерінде өсімпұл сомасы бар 1 513 879 азаматтың салық рақымшылығына қатысуға құқығы бар болатын.

Жыл қорытындысы бойынша өсімпұлды есептен шығару шарасын 1 057 764 азамат (70%) пайдаланды, олар бойынша 14 849 385 721 теңге (68%) мөлшерінде негізгі борыш сомасы төленді және 2 050 503 348 теңге (48%) сомасында өсімпұл есептен шығарылды. 

Мемлекеттік кірістер комитеті өсімпұлдарды есептен шығару бойынша акция қорытындысына сәйкес 1 млн-нан астам азаматтың 2 млрд теңге қарызын есептен шығарды.

Ведомство мәліметінше, 2020 жылғы салық рақымшылығын пайдаланғандардың саны бойынша нәтижелер 2019 жылғы өткен салық рақымшылығының нәтижелерінен асып түскен (2020 жылы 1,1 млн азамат, 2019 жылы 755,7 мың азамат немесе 300,0 мың адамға көп).