18 қыр, 2019 сағат 16:13

Салық берешегі бар жеке тұлға нені білуі керек - Мемлекеттік кірістер комитеті

Салық берешегі бар азаматтар 20 мың теңге айыппұл төлейді деген ақпарат жалған. Мемлекеттік кірістер комитеті осындай қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы өткен салықтық кезеңдер үшін берешегі бар азаматтар борышын биылғы 1 қазанға дейін өтемеген жағдайда 8 АЕК (20 000 теңге шамасында) көлеміндегі айыппұл есептелетіні туралы хабарлама таратылуда. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлайды», делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, жеке тұлғалар бюджетке жер және мүлік салықтарын өткен жыл үшін биылғы жылдың 1 қазанына дейін төлеуі тиіс. Көлік салығы ағымдағы жыл үшін 31 желтоқсанға дейін өтеледі.

«Қолданыстағы ҚР Салық заңнамасында айыппұл есептеу шаралары көрсетілмеген. Тек салықты уақытылы төлемеген жағдайда өткізілген әр күнге өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ, жылдың аяғына дейін жеке тұлғаларға арналған салықтық рақымшылық үрдісі жүруде. Оның ережелеріне сәйкес, жеке тұлға берешегінің негізгі сомасын өтеген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады», делінген хабарламада.

Салық төлеушілер борышының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында немесе мына сілтеме бойынша тексере алады.