Бабалар арманы – тәуелсіздік, ХХ ғасырдың соңын ала осы дәуір ұрпақтарының еншісіне бұйырғаны тарихи шындық. Азуы алты қарыс Кеңестер одағының іргесі сөгіле бастағанын аңғарған, біртуар өнер майталмандары Каукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев қатарлы қазақ өнерінің жанашырлары миллиардтар еліндегі өнер қырандарын, сары майдан қыл суырғандай іріктеп, атажұртта өнерлерін ұштауға зор мүмкіндік жаратты.
Сол үміткерлердің қатарында Қытайдың Шынжаң, Күйтүн қаласындағы өнер институтын тәмамдағаннан кейін, Іле облыстық телевизияда дикторлық қызмет атқарып жүрген Ермұрат Зейіпханұлы сан қырлы өнерімен бірден көзге түсіп, атажұрт табалдырығын аттап, Темірбек Жүргенов атындағы өнер ошағының студенті атанды.
Ермұрат Зейіпханұлы ҚХР, ШУАР Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келіп, қаршадайынан өнердің әр қырына бейім өсті. Әншілігімен де, композиторлығымен де жұрт көзіне ерте ілінеді. Сол кездің өзінде «Жайлауым әнім», «Сәбилер-ай», «Ерен тауым» т.б әндерін жұрт назарына ұсынып үлгерген Ермұрат мұнда келгеннен кейін де шығармашылыққа шындап ден қойды. Өнер академиясы қабырғасындағы білікті ұстаздардың сабақтарын қалт жібермей, білімін тереңдетумен қатар, бойдағы бұрқыраған талантын ұштай түсті. 1993-1994 жылдары республикалық «Үкілі үміт» жас композиторлар байқауының және К.Байсейітова атындағы кәсіптік әншілер байқауының жүлделерін жеңіп алды.
Ақын, жазушы, әнші, композитор, актер Ермұрат Зейіпханұлы Т. Жүргенов атындағы оқуын тәмамдаған тұста, Қазақстан тәуелсіз ел болып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әлемдегі тарыдай шашылған қандастар, көк тудың астына бірігіңдер» деген үндеу тастады. Осы үндеуге үн қосқан Ермұрат Зейіпханұлы Қазақстанда тұрақтап қалуға берік шешім қабылдап, алған білімін тәңір берген талантымен тығыз ұштастырып, тәуелсіз ел әдебиеті мен мәдениетіне өз үлесін қосуға құлшына кірісіп кетті.
Ол қысқа ғұмырында Абай атындағы Опера және балет театрында, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде, Қорғаныс министрлігінің әскери ансамблінде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өнер және мәдениет бөлімін басқарып, абыройлы қызметтер атқарды.
Ал шығармашылықта «Алматым», «Үкілі-айым», «Шырын-ай», «Күнес-ай», «Көк тудың желбірегені», «Қайран құлжа», «Ауылым менің Нұрлыда» т.б. қатарлы салмақты да салиқалы әндерді өмірге әкелді. Сондай-ақ, «Сыбызғы сарыны», «Өзіңе арнадым», «Бұ дүние», «Үшбурыл» қатарлы кесек ойлы, керемет сырға толы бір прозалық, үш поэзиялық жинақтарын әдебиет сүйер қауым назарына ұсынды. 1995 жылы «Ғалымдар үйінде», 2006 жылы «Жамбыл атындағы филармонияда» екі рет жеке шығармашылық кештерін өткізді. Осындай ерен еңбегімен сан қырлы шығармашылығының арқасында Қазақстан жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қорғаныс министрлігі жағынан «майор» шеніне дейін көтерілді.
Ақылы мен білімі толысып, 45-ке енді қадам басып, кемеліне келген шағында, сұм ажал арамыздан алып кетті. Тірі болғанда биыл 50 жылдық мерейтойын бірге тойлап, биік-биік белестерді бағындырған жетістіктеріне куә болар едік. Менің бұл шағын мақаламда айтпағым, оның Отанға, Тәуелсіздікке, Атамекенге, туған жерге деген ыстық ықыласы мен шексіз сүйіспеншілігін аңғартатын шығармалары жайында болмақ.
Алғашқы туындысы «Жайлауым» әнінде:
Жасаған кешегі,
Бабамның мекені.
Бар екен өмірде,
Жайлаудың не теңі.
Мен жүрген жайлаудың,
Тауының биігі-ай.
Арудан аумайтын,
Аяулы киігі-ай, – деп, құт дарып, бақ иіген, бабалар кіндік қаны тамған киелі атақонысқа, оның сымбатты да сұлу табиғатына сәби көңілмен емірене, тамсана қарайды.
Ал, өнер қуып аңсап жеткен, талай ақынды тамсандырып, жырларына арқау болған әсем Алматы жайлы әсері тым ерекше.
Әлемнен саған тең іздемен,
жұмағым Алматы,
Анашымдай емізген ең
тұз-дәмің, шәрбатың, – деп, білімге сусыны қанып, өнерін ұштап еркін көсілуге мүмкіндік жаратқанына, дән ризалығын шүбәсіз білдіреді.
Алатаудың асқарында аппақ қар – ар жатыр,
Сол ғой сенің пәктігіңнің белгісі – Алматым, – деген жолдар Алматы жайлы бұрын-соңды ешбір ақын айтпаған тың балама. Алматыға деген ыстық ілтипат, зор құрмет екені даусыз.
Күллі қазақ аңсап жеткен тәуелсіздікке деген, азаматтық парызы мен ұрпақтық борышы, қуанышы мен шаттығы тіптен бөлек.
Жалғыз отаным – Қазақстаным,
Ғажапстаным – жайды құшағын.
Тағдырдың ұмытып азап-қыспағын,
Күнді құшамын, айды құшамын, – деп, бөркін аспанға атып алақайлап, бар ғаламға жар салып, отаным бар, тәуелсіз елмін деп, көкірегін асқақ мақтаныш кернейді.
Бұлт көмкерген қыраным – Қазақстан,
Алтын қанат пырағым – Қазақстан, – деген жолдарда да, елдік пен егемендіктің нышаны, тәуелсіздіктің мызғымас айғағы, тарихымның өткені мен бүгінін жалғаған алтын арқау деп айшықтай келе:
Шайқалмайтын тұрағым – Шаңырағым,
Сарқылмайтын жыр-әнім – Қазақстан, – деп, ел іргесінің беріктігі мен бар ғұмырымда өзіңді жырлап өтуге әзірмін деп ант береді.
Ермұрат поэзиясынан тек отанға, туған жерге, тәуелсіздікке деген жырларды бөліп алып айрықша тоқталуымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені ол, құлай сүйген өнері мен тәуелсіздік үшін бәрін де тәрк етіп, сол жолда өз ұлты мен тәуелсіз отанына, жұрт жүрегінен терең орын алар сүбелі шығармаларды ұсына білді. «Күнес-ай», «Қызай ана», «Көк тудың желбірегені», «Екі дүниеде жалғызым Қазақстан», «Кенесары», «Ауылым менің Нұрлыда» т.б.
Ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған «Көк тудың желбірегені» атты әнінің әлемдегі барша қазақтың «әнұранына» айналғанына ешкім шүбә келтірмейді. Осы орайда өзім куә болған «Ауылым менің Нұрлыда» атты әнінің тарихына қысқаша тоқтала кетуді жөн санадым.
Кеңестер одағы тұсында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев салдырып, тәуелсіздік жылдарында талан-таражға түскен, Еңбекшіқазақ ауданының бір түкпіріндегі «Нұрлы» деген ауылға Қытайдың үш аймағынан, Түркиядан келген қандастар біртіндеп топтаса бастайды. Халықтың талабы, құзырлы орындардың ұсынысы мен қоғамда өзіндік орны бар көшбасшылардың бірі Рахым Айыпұлы осы ауылға әкім болып тағайындалады. Тағдырлас азаматтар Рекеңді құттықтап, иығына шапан жауып, астына көлік мінгізді. Райыс досымыздың ақ тұлпарына мінгесіп бұл дүбірлі жиналысқа Ерекеңмен бірге барған едім. Осы сәтпен, Нұрлыдағы тыныс-тіршілікті, «ұрпақ үшін ел үшін, атамекен жер үшін» деп, қотарыла көшіп келген елді көріп, ерекше сезімге бөленген Ерекең, аталған әнді сол сапарында дүниеге әкелді.
Ауылым Нұрлы аумағы нулы, қамысты,
Аңқылдақ жаным Алматы жақтан ала ұшты.
Адымы аршын астымда жарау ақ тұлпар,
Ақсұңқар көңіл желікті желмен жарысты.
Айта бар сәлем алыста жүрген құрбыға,
Сағынсаң орал, ауылым менің Нұрлыда, – деп, дүбірді естігенде елеңдеп жай жата алмай, бойын билеген шаттықпен қуанышын қауымдасымен бөлісіп, алыстағы ағайынға, құйқұлжыған көңіл құсының қанатымен жолдайды.
Бастауы Күнес Іле ағып жатыр іргемде,
Шалқыды шабыт, жарыла жаздап тұр кеуде.
Алтын шоқы асып, атажұртты аңсап келген ел,
Басқаны қайтсын Нұрлыда еркін жүргенде.
Айта бар сәлем, алыста жүрген бауырға,
Сағынсаң орал Нұрлы деген ауылға, – деген жолдар арқылы кіндік қаны тамған Күнесі мен өскен ортасы Ілені, атажұртпен сабақтастыра жырлап, Нұрлыда тәуелсіздік тоғыстырған ағайындардың баянды тірлігіне балаша мәз болады.
Бар екен қайда қазақылықтан кең нендей,
Арқаң – Сарыарқа, Алатау – асқақ кеудеңдей,
Нұрлыға келсең баурайды бауырым бір бақыт,
Барқытбел, Іле, Өр-Алтай көшіп келгендей.
Айта бар сәлем алыста жүрген туысқа,
Сағынсаң орал, Нұрлыға келіп ту ұста.
Бұл жолдарды тебіренбей оқу әсте мүмкін емес. Алыста қалған қандастар бойындағы дархандық, кеңдік, бауырмалдық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, отанға деген сағыныш пен сүйіспеншілік бәрі-бәрін сағына еске аласың. Осының бәрін қамшының өріміндей қиюластырған Ермұрат Зейіпханұлының ақындығымен композиторлығына еріксіз тәнті болып, танымы мен талғамына риза боласың.
Менің Ермұрат Зейіпхан ұлымен таныстығым, сонау 1982 жылы өнерге деген құштарлық ояна бастаған шақта Күнесте басталып, 1990 жылдары Құлжада кәсіптес болып ұштасты. 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанның Алматы қаласында, отанға деген ыстық ықыласпен қайта қауыштық. Осы жылдан өмірінің соңына дейін біз тығыз шығармашылық байланыста заман, қоғам жайлы өзара пікірлес, мақсаттас болдық. Қиындықты да, қуанышты да бірге өткізіп, бірталай шет елдерде сапарлас та болдық. Отыз жылдан астам осынау ғұмырда Ермұраттың достығы, азаматтығы, кісілік келбеті, арлылығы мен адалдығы, бауырмалдығы, әсіресе өнерге деген тазалығы мен жауапкершілігі ерекше таңғалдыратын. Қолға алған ісін аяқсыз қалдырмай, берген уағдасын шамасының келгенінше орындауға тырысатын.
Қорыта айтқанда, Ерекеңнің бойында адам баласына сирек бітетін, қасиет дарыған азамат еді. Бірнеше түрлі өнерді бірдей алып жүру, екінің біріне бұйыра беретін бақ емес екені белгілі. Актерлігін айтпағанда, ақын, композитор, әншілігі неге тұрады. Шынайы сезімнен туған өз өлеңіне, жан тебірентер ән шығарып, жүрекке жеткізе орындау дәстүрі, бүгінгі таңда сиреп бара жатқан құбылыс. Ермұрат осы дәстүрді жалғастырушы, кешегі өткен сал-серілердің сарқыты еді. Сен арамыздан алыстағаныңмен сырлы поэзияң, әсерлі әндерің әр жүректе мәңгі жаңғырады.
Тұрсынбай ДӘУІТҰЛЫ, педагогика ғылымдарының магистрі, аға оқытушы
Ұлт порталы