Қазақ сөз өнерінің қалыптасуы мен дамуында талай-талай замандар өтті. Бір қуанатынымыз, баба тіліміз, ана тіліміз – қазақ тілі өзінің табиғи қалпын бұзбай жетті бүгінгі күнге. Оған көп-көп ғұламалар, жыраулар, шешендер, жазушылар, ақындар, сахна тілінің мамандары аса зор тер төкті. Ағылып айтқан, төгіліп айтқан, екпіндеп айтқан, екіленіп айтқан, сынап айтқан, мінеп айтқан, түйіп айтқан, жығып айтқан, қауып айтқан, тауып айтқан бабалардың інжу-маржан сөздерінде жалпы қазақ сөз өнерінің таусылмас кені жатыр.
Профессор Дариға Тұранқұлова жарты ғасыр бойы қазақ тілінің тазалығы, табиғилығы, тапқырлығы, шешендігі сияқты қасиеттерді жас ұрпақтардың бойына сіңірумен келеді. Келбетті де келісті осынау апамыз табиғаты көркем, жері мәуелі, қазіргі Өзбекстанның Бостандық ауданында 1948 жылы 8 наурыз күні дүниеге келіпті. 8 наурыз тегін күн емес, Халықаралық әйелдер күні. Тұранқұл ақсақалдың төрт ұлынан кейін дүниеге келген Дариға қыз қазақтың қайраткер қыздарының бірі болып өсті. Өз өмірінде өнер жолын таңдаған Дариға 1970 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөлімін қызыл дипломмен тәмамдады. Қазақ топырағында алғаш ашылған «Сахна тілі» мамандығының іргесін қалаған ұлағатты ұстаз, профессор Рабиға Мұқайқызы Қаныбаеваның кеңесімен Дариға сол кафедраға мұғалім болып қабылданады. Содан бері көптеген сахна түлектерін даярлап шығаруға зор үлес қосты. Олардың ішінде халық артистері, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Т.Жаманқұлов, Д.Жолжақсынов, еңбек сіңірген артистер Қ.Сұлтанбаев, М.Өтекешева, У.Сұлтанғазин, Л.Қаденова, А.Исмағұлов Канадада өткен Халықаралық кино конкурсының жүлдегері Б.Қалымбетов, 1994 жылғы Республикалық «Жастар» конкурсының иегерлері Б.Әлпейісов, Ж.Махановты ілтипатпен атауға болады. Сондай-ақ, 1980 жылы ЛГИТМИК-те өткен Яхонтов атындағы конкурстың иегерлері Б.Әлпейісов, Ә.Исмаилов, Б.Мақұлов, А.Жұмашев, С.Қасеинова сияқты бір топ дарын иелерін тәкаппар Еуропа тіл мамандарына мойындатса, бұл да Дариғаның талантты ұстаз екенін айғақтайды.
Профессор Дариға Тұранқұлқызы 1974,1984 жылдары А.В.Луначарский атындағы ГИТИС-те, М.С.Щепкин атындағы, Щукин атындағы театр училищелерінде тағылымдамадан өте жүріп, қазақ, түрікмен, тәжік және балқар бөлімдеріне дәріс бергенін байқап, сабақ беру тәсілін қадағалаған мәскеулік білгір профессорлар И.Г.Козлянинова, И.Ю.Промтова, А.Е.Вербовая, Г.С.Урнованың, Ташкент театр институты «сахна тілі» кафедрасының профессоры Л.А.Ходжаеваның назарына ілігіп, олардың шын жүректен білдірген ризашылық ізгі лебіздерін еншіледі. Бұл «Сахна тілі» бойынша халықаралық ірі мамандардың бағасын алғандығының айғағы болатын.
Сахна тілі халықты жүзбе-жүз көріп отырып, мәдениетті, әдебиетті, өнерді, саясатты, басқа да мәселелерді уағыздайтын, халықтың санасына сіңіріліп, ұрпақты тәрбиелейтін тіл. Сахна тілі – адамның жүрек сезімін шертетін, оны кез келген жағдайда, қуанышта да, қайғыда да тәрбиелей алатын, үйрететін тіл. Сахна өнерінің құдіреті осында. Шекспир: «99 орында отырып күлгеннен, бір орында отырып күрсінген артық», деген екен, яғни комедия болсын, ешқандай ойланбай, құр мәз болып қайтудың орнына, шынында, осы біздің қоғамда кездесетін дерт қой деп күйіну әлдеқайда пайдалы болса керек.
Сахна тілі қанша көрермен отырса, сонша адамның құлағына кіріп, жүрегіне ұялап, жан дүниесін шымырлатып, көкірегіне сәуле түсіретін тіл болуы қажет. Тілді әдемі жаза білу бар, сөйлей білу бар. Сонымен қатар, оны халыққа жеткізе білу бар. Сол тілді халыққа әдемі, мәнерлі, сазды жеткізе білу үшін сахна тілі ауадай қажет. Өйткені, драмадағы ең бастысы, ең шешушісі, ең негізгісі – тіл. Профессор Маман Байсеркеұлына жүгінсек: «Сахна тілі» пәні – орфоэпия заңдылықтарын, оның ішінде: артикуляция, дикция, дем, тыныс, үн, өлшем-екпін, әуен-ырғақ, пластика саласы бойынша ым мен ишарат заңдылықтарын зерттейді, яғни тіл техникасының сиқыр сыры мен тылсым құпиясына зер салады. Әсіресе, сөз сөйлеу қарым-қатынасына қатысты вербалды тәсілдер мен пластикаға қатысты бейвербалды амалдардың үндестік тауып, өнерпаздың көркемдік тұлғасына ұя басуы күрделі процесс. Мұндай жағдайда тіл техникасы мен дене техникасын жымдастыра білетін білгірлік пен зергерлік қажет. Аталмыш егіз процесс К.С.Станиславский іргесін қалаған «кейіпкержандылық мектебінің» көкейкесті кредосы еді десек, Дариғаның сол мектептің кәусар бұлағынан сусындағанын айта кеткеніміз орынды болмақ.
Осы саладағы 50 жылдық тәжірибесі мен көкейге түйгендерін профессор Дариға Тұранқұлқызы «Сахна тілі», «Көркем сөз оқу шеберлігі», «Сырлы сөз – сахна сәні», «Сахна тілі» деп аталатын 4 томдық жоғары оқу орындары театр өнері факультеттерінің студенттеріне арналған оқу құралын шығарып отыр. Бұл еңбектерде қазақ театрындағы тіл өнерінің тууы мен қалыптасуына толыққанды шолу жасалып, қазіргі сахна тілінің түйінді мәселелері, дикция, тыныс, дауыспен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері, қара сөзбен және өлеңмен жазылған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын сахна тіліне негіздеп қолданудың ерекшеліктері жайында сөз болады. Көптомдық оқу құралдары мектеп мұғалімдеріне, теледидар, радио дикторларына, журналистерге, хабар жүргізушілерге де аса пайдалы. Автор дыбыстаудың ережелері мен тыныс алудың жолдары, дауыстаудың дұрыс бағытталуы, драмалық актер дауысының диапазонын түзету, сигматизмді түзету және, ең бастысы, тіл мәдениеті мен тазалығын сақтауды нақты мысалдар негізінде терең түсіндіреді. Бұл еңбектер әрі теориялық және тәжірибелік оқулық, әрі хрестоматиялық жинақтар десе де болғандай. Шетелдік классиктерден Шекспир, Мольер, Даниэл Дефо, Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Горький, Шолохов, Распутин, т.б. шығармалары мысалға келтірілсе, көне қазақ дәуірінен Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Шалкиіз, Тәтіқара, Жиенбет, Марқасқа, Бұқар жырау, Ақтайлақ, Сүйінбай, Жамбыл, Махамбет шығармалары мысалға алынады. Ал Абай бастаған қазақ жазба әдебиетінің өкілдерінен Шәкәрімнің, Ахметтің, Жүсіпбектің, Мағжанның, Ілиястың, Сәкеннің, Бейімбеттің, Мұхтардың, Ғабит, Сәбит, Қасымның еңбектері кеңінен насихатталады. М.Мақатаев, Т.Айбергенов, Ф.Оңғарсынова, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Қ.Мұқашев, Ө.Тұрманжанов, Ш.Смаханұлы, С.Жүнісов, Д.Исабеков, І.Есенберлин, Б.Тілегенов, М.Қаратаев, Ш.Мұртаза, Р.Ниязбеков, И.Оразбаев, И.Сапарбаев, Т.Медетбек, Т.Рахимов, Н.Оразалин, З.Шүкіров, А.Бақтыгереева, Н.Шәкенов, С.Асанов, Е.Дүйсенбаев, Ж.Әбдірашев, К.Мырзабеков, Ғ.Жандыбаев, К.Ахметова, М.Айтқожина, Н.Айтов, Ж.Бөдеш, Ж.Ерманов, Е.Раушанов, Б.Қарабеков, Ғ.Құлахметов, Қ.Аманжолов, Ө.Мұқаев, Б.Серікбаев, Г.Салықбаева, Қ.Әлімбеков, Б.Үсенов, т.б. ақын-жазушылардың таңдаулы еңбектері сахнаға лайықталып ұсынылады.
Профессор Дариға Тұранқұлқызы қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин мүшелтойларына арналған телехабарлардың авторы. ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойында Республика сарайының сахнасында Абай шығармаларынан көркемдік деңгейі жоғары композицияны әзірледі. Көптеген ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін өткізуге атсалысты.
Дариға апайдың ұйымдастырушылық қабілеті ерекше. 1998 жылы Семей қаласынан «Дариға-ай» атты жастар театрын ашып, тағы бір өнер отауын қатарға қосты. Аталмыш театр өткен жылы жазушы-драматург Д.Исабековтің мерейтойына арналған фестивальға қатысып, автордың алғысына бөленді. Кілең жастардан құрылған «Дариға-ай» театры Семей жұртшылығының сүйсініп көретін өнер ордасына айналып отыр.
Бір кездерде кино өнерінде де бағын сынап, «Өзбекфильм» түсірген «Сүйінші», «Қазақфильм» түсірген «Алпамыс мектепке барады» фильмдерінде өз бейнесін қалдырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлқызының басты қыры – оның ұстаздығы. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы құрылғаннан бері табан аудармай сахна тілінің қыры мен сырын үйретуден, тәлім беруден жалыққан емес. Қазіргі кезде еліміздің театр өнеріне атсалысып жүрген көптеген талантты актерлер мен актрисалар Дариға апайдың тағылымын алған. Сол тұрғыдан келгенде, кешегі қазақтың Тұмар ханым, Зарина, Домалақ ана, Мұрын ана, Гауһар ана, Жанбике Шанина, Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Фарида Шәріпова, Шолпан Жандарбекова, Роза Бағланова, Әмина Өмірзақова, Бикен Римова сияқты біртуар қазақ қыздарының қатарында аты аталуға тиіс қазақ аруы – Дариға Тұранқұлқызы. Сахна тілі саңлағының қазақ театр педагогикасы мен қазақ өнеріне қосқан еңбегі зор.
Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы,
профессор