15 мам, 2019 сағат 07:20

Сәкен Сәрсенов: Автоматтандырудың арқасында сәлемдемелерді өңдеу 12 есеге қысқарды


Қазіргі таңда «Қазпоштада» автоматты сұрыптау желісі іске қосылған. Ол сәлемдемелерді 12 есе жылдамырақ өңдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті.

Жиын барысында Сәкен Сейтжаппарұлы электронды коммерцияны, Қазақстандағы онлайн-сауданы және пошталық инфрақұрылымның даму деңгейін сөз етті.

«3 фулфилмент орталығы мен 4 электронды коммерция орталығы ашылды. «Рaypost» деп аталатын интернет-эквайринг іске қосылды. Ол төлем карталарын қабылдауға және электронды ақшалар арқылы онлайн-тапсырыстар жасаған кезде пошталық-логистикалық қызметтерді толықтай қолдануға арналған», – дейді С.Сәрсенов.

Оның сөзінше, ел аумағындағы  сәлемдемелер супермаркетінің саны  214-ке жеткен. Алдағы 1 жылда тағы 39-ы ашылады. Сондай-ақ, қазір 151 поштамат болса, жақын жылдарда тағы 200 поштамат іске қосылады деп жоспарлануда.

Болашақта атқарылар жобаларға келер болсақ, 2022 жылы Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында автоматтандырылған сұрыптау машиналарының 3-еуі орнатылады. 2025 жылға қарай поштаматтардың саны 1151-ге дейін жетіп, сәлемдемелер супермаркетінің саны 543-ді құрайтын болады.

Жалпы айтқанда ұлттық пошта операторы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуына өз үлесін қосуда. Атап айтқанда, компания жанынан ашылған электронды коммерция орталықтарында онлайн қызмет пен онлайн-дүкендерді ашуды үйрететін курстар өткізіліп тұрады.

«Қазіргі таңда e-commerce орталықтарында шағын және орта бизнестің 1500-ден аса өкілі оқып шықты. Олар интернет-дүкендерді құрудың дағдыларын үйреніп, сату және тауарды жылжытудың жаңа машықтарын меңгерді. Нәтижесінде өздерінің 57 интернет-дүкенін ашты. Ал биылғы жылы 2 мыңнан астам бизнес өкілдерін оқыту көзделіп отыр. Экспорт мектебі арқылы шағын және орта бизнестің 250 өкілі Amazon, AliExpress, Ebay сынды халықаралық интернет-алаңнан білім алды», – деп атап өтті Басқарма төрағасы.