19 мау, 2017 сағат 12:19

Сағынтаев жекешелендірудің жемісін қашан көретінімізді айтты

Жекешелендіру тиімділігі квазимемлекеттік сектордың ірі стратегиялық компаниялары ІРО-ға шыққаннан кейін  ғана болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Егер сандарға жүгінер болсақ, 2015 жылы «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниялары 600 болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жекешелендіру басталып, олар қысқартылды. 2016 жылы еншілес және тәуелді компаниялар 400 болды және осы жылдың соңына дейін бұл сан 320-ға дейін қысқарады. Бұл процедура таяу екі жылдың ішінде жүргізіледі. Өйткені, жекешелендіру бағдарламасы 2018 және 2019 жылдары жалғасады. 2020 жылға қарай біз бұл процесті аяқтауға тиіспіз», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министрдің айтуынша, жекешелендірілетін компаниялардың басым бөлігі шағын нысандар. Негізгі активтер ірі стратегиялық компаниялардың қарамағында және ірі компанияларды ІРО-ға шығару туралы шешім қабылданған. Аталған компаниялар ІРО-ға шыққаннан кейін оларды басқару тетіктері өзгеріп стратегиялық инвесторлар келеді. Міне сол кезде жекешелендірудің толық тиімділігі байқалады.