Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үндістанның сыртқы істер министрі Сушма Свараджбен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты хабарлады.
Кездесу барысында сауда-экономика, қорғаныс өнеркәсібі, ғарыш, көлік-логистика салаларындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайту және одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар ауыл шаруашылығы, фармацевтика, АТ-индустриясы, инвестициялар және технологиялар трансферті салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, жетекші үнділік қаржы және инвестициялық компаниялардың «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуына байланысты мәселелер қозғалды.
Қазақстан мен Үндістан арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қаңтар–сәуір аралығында $250,3 млн-ды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ($190,7 млн) 31,2%-ға жоғары.
Қазақстаннан Үндістанға экспорт 2018 жылдың қаңтар–сәуір айларында 37%-ға өсіп, $174,2 млн құрады. Қазақстаннан Үндістанға экспортталатын негізгі тауарлар: шикі мұнай, күміс, асбест, сутек, инертті газдар және басқа да металл емес заттар, ферроқорытпалар, тантал және олардан жасалған бұйымдар және т.б.
Үндістаннан Қазақстанға 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында импорт көлемі 19,8%-ға артып, $76,1 млн құрады. Негізінен бұл көрік және өнеркәсіптік пештер, топырақты сұрыптау және ұсақтауға арналған жабдықтар, отқа төзімді керамикалық бұйымдар, топырақ жұмыстарына арналған машиналар мен механизмдер және басқа да тауарлар.