Бүгін Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Новруз Исмаил оглу Мамедовпен және Армения Республикасының Бірінші Вице-Премьері Арарат Мирзоянмен екіжақты кездесулер өткізді.
Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Новруз Исмаил оглу Мамедовпен екіжақты кездесу барысында ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және логистика, азық-түлік және металлургия өнеркәсібі, фармацевтика саласындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ индустрияландыру және ақпараттық технологияларды дамыту саласын қоса алғанда, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Биыл елдер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң қарқыны байқалады. Бұған 2017 жылы екі Мемлекет басшылары кездесуінің қорытындысы бойынша қолға алынған экспортты дамыту және тауар айналымын ұлғайту мақсатында атқарылып жатқан белсенді бірлескен жұмыстар ықпал етті. Сонымен қатар, сауда-саттық, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика және т.б. салалардағы нақты шараларды қарастыратын, ҚР мен ӘР арасындағы 2017–2020 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Жол картасын іске асыру мен екіжақты Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарады.
Биыл қараша–желтоқсан айларында Бакуде мәдени қатынастар саласындағы келісімдерді жүзеге асыру мақсатында Әзербайжандағы Қазақстан мәдениетінің күндерін өткізу жоспарланған.
2018 жылдың 8 айында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы $168,1 млн құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе өсті ($81,5 млн). Әзербайжанға экспорт көлемі 2,2 есеге өсіп, $134,6 млн құрады, ал импорт $33,5 млн құрады. Осы жылдың 8 айында Қазақстанның порттары арқылы Әзербайжан бағытында 1,3 млн тоннаға жуық жүк ауыстырып тиелді. Ақтау порты — 202 мың тонна немесе 2017 жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштің 32% (624 мың тонна); Құрық порты — 1141 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 66%-ға жоғары (756 мың тонна).
Армения Республикасының Бірінші Вице-Премьері Арарат Мирзоянмен кездесуде энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ химия өнеркәсібі, азаматтық авиация, машина жасау және АT-саласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру саласында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды.
Арменияға металдар мен олардан жасалған бұйымдарды, азық-түлік тауарларын, мал және өсімдік өнімдерін, теміржол машинасын жасау өнімдерін жеткізу перспективалары қаралды.
Тараптардың пікірінше, бүгінгі таңда елдер арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамытуға барлық жағдай жасалған. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр.
Бұдан өзге, кездесуге қатысушылар ақпараттық технологияларды дамытуға деген ортақ ұмтылыс нарықтық экономика мен әділ бәсекелестік қағидаттарына негізделген Қазақстан–Армения бизнесін дамытуға өзара тиімді жағдайлар жасайтынын атап өтті.
Әңгімелесу барысында аймақтық қауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
2018 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық ұлғайып, $8,2 млн құрады, ал экспорт — $4,2 млн.