02 ақп, 2019 сағат 00:14

Сағынтаев пен Медведев кездесті

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысу үшін келген Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев арасында екіжақты кездесу өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында сауда-экономикалық, транзиттік-көлік, отын-энергетика салаларындағы, сондай-ақ ғарышты игеру мен цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге бағытталған екіжақты қарым-қатынастардың мәселелері талқыланды. «Байқоңыр» бойынша ынтымақтастық әлеуетін дамыту перспективалары қаралды. Аймақаралық және шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Екі тарап ХV Аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында екі мемлекеттің Басшылары қол қойған ҚР мен РФ-тің 2019–2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарының іске асырылу барысын қарады. Туризм саласындағы, ең алдымен, шекара маңы өңірлеріндегі өзара іс-қимылды жандандыру мәселелерін шешуге үлкен мән беріледі.

2018 жылдың қаңтар–қараша айларында екіжақты тауар айналымы 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6% ұлғайып, $15,7 млрд құрады.

Қазақстанның сыртқы сауда айналымында Ресей үлесі шамамен 19% құрайды, бұл ел Қазақстан өнімдерін экспорттау бойынша 4-орында.