02 қыр, 2021 сағат 22:04

Сағынтаев мектеп құрылысын жандандыруды тапсырды


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала активінің отырысында мегаполисте мұғалімдерді қолдау мен мектеп құрылысының қарқыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы білімге, мұғалімдерге қолдау көрсетуге, олардың еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше назар аударды. Мәселен, жыл басынан бері мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсті. Алматыда жас мұғалімнің орташа жалақысы 157 мың теңге. Бұл сома 2022 жылға қарай 183 мың теңгеге жетеді»,- дейді әкім. 

Педагогтардың мотивациясы мен біліктілік деңгейін арттыру, білім беру қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту үшін «Алматы мектептері» қалалық бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. 

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қашықтан білім беру форматтары үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру мәселесі пысықталатын болады. 

Бұдан басқа, 2025 жылға қарай барлық білім беру ұйымдарында қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзивті білім беру жұмысы жалғасатын болады. 

Б. Сағынтаев білім басқармасына халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жоғары оқу орындарына конкурстық негізде түсуге гранттармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтауды тапсырды. 

Дарынды балаларды жан-жақты қолдау, оларға бір реттік ақшалай сыйақы төлеу, сондай-ақ дарынды оқушыларды тәрбиелеген мұғалімдерді көтермелеу мүмкіндігі де қарастырылатын болады. 

Әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан 23 мың балаға жаппай білім беру қорының көмегі көрсетілді. Жаңа оқу жылының басталуымен «Мектепке жол» акциясы арқылы 800 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді. Сонымен қатар, осы санаттағы балалар мектепте тегін тамақтанатын болады. 

Негізгі мәселелердің бірі – оқушы орындарының тапшылығын азайту. Биыл 3,5 мың оқушыға арналған 11 жекеменшік мектеп ашылды, 4 150 орындық 9 жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Тағы 8 мектеп қазан айының соңына дейін пайдалануға беріледі. 

Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін мың мектеп құрылысы бойынша қойған тапсырмасын орындау мақсатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев оқушы орындарын ұлғайту бойынша шаралар мен жаңа тәсілдер кешенін әзірлеуді тапсырды.