06 мау, 2017 сағат 09:54

Сағынтаев: Халықтың басын көп қатырмау қажет

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік көмекті жаңа форматқа ауыстыру жұмыстарын xалыққа дұрыс түсіндіруді тапсырды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Халық әлеуметтік көмек саласындағы өзгерістерді түсінуі керек. Сондықтан оны ел азаматтарына дұрыс жеткізуіміз шарт. Биыл біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін де енгізейін деп жатырмыз. Келесі жылдан бастап әлеуметтік көмек бойынша өзгерістер болады. Халық соның барлығын шатастырмауы қажет. Адамдарға барлығы түсінікті болған жөн. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру былай болады, атаулы әлеуметтік көмек былай болады деп, анық-қанығын айту қажет. Халық тарапынан сұрақтар туындамауы тиіс», - деді Сағынтаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Осы орайда Үкімет басшысы жұмыспен қамту орталықтарына баса назар аудару қажеттігін жеткізді. Себебі ол жерде кәсіби мамандар еңбек істесе, xалыққа түсіндіру жұмыстарын сапалы түрде жүргізуге болады.

Айта кетейік, келесі жылдан бастап Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіледі. Соның аясында жәрдемақылар 25 пайызға артады. Алайда аталған көмектің өзіндік шарттары бар.