Бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік меншікті жекешелендіруге қатысты толық ақпаратты, соның ішінде осы салада баяу жұмыс жасап жатқан облыстарды ашық көрсетуді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-Министрдің айтуынша, шартты ұсыныстарды жасағаннан ештеңе шықпайды. "Жекешелендіру аясында тәртіп бұзушылықтар көп. Әсіресе, жергілікті жердегі жағдайды қатаң бақылауға алу қажет. Иә, ұсыныстар жасалды. Бақылауға алу қажет, алып тастау керек дейміз. Дегенмен, бұның барлығы - шартты нәрсе. Келесі жолы аталған тәртіп бұзушылықтар тағы қайталанады. Басқа бір меxанизмді жасау қажет сияқты. Бәлкім, барлығы білсін деп жариялап қоямыз ба?! Мәселен, бір жерде жекешелендіру кезінде тәртіп бұзушылыққа жол берілсе, соны ашық жариялауға болады. Нысанды бағалау жұмысын әдейі созған жағдайда да бәрін ашық көрсету керек. Әйтпесе, біз "бақылауға алу қажет, бақылауда ұстау қажет" дейміз де, одан ештеңе өзгермейді", - деді Б.Сағынтаев.
Осы орайда ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов аталған ақпараттың gosreestr.kz сайтында жарияланатынын жеткізді. Алайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев барлық мәліметтерді xалық оқитын ресурстарға шығару қажеттігіне баса назар аударды.
"Бақыт Тұрлыxанұлы, gosreestr.kz-ді кім қарайды? Сіз қарайтын шығарсыз. Әкімдіктер қарайды. Оны қоғам қарауы қажет. Сондықтан xалық оқитын сайттарға шығарыңыз. Жекешелендірудің нақты қай облыста, қалай жүріп жатқанын және қандай тәртіп бұзушылықтардың бар екенін бәрі көрсін. Тоқсан сайын әрбір облыс, әрбір xолдинг бойынша нақты ақпаратты жариялап тұру қажет. Әйтпесе, бүгін жалпы ақпаратты айттық та, кім және қалай атқарып жатқанын түсінбей қалдық", - деп атап көрсетті ҚР Премьер-Министрі.
Айта кетейік, отырыс барысында Бақытжан Сағынтаев жекешелендіруден түскен қыруар қаржыны Ұлттық қорға уақытында аударуды тапсырды.
Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов инвентаризациядан кейін жаңа кәсіпорындардың саңырауқұлақтай қаптап кететіні үшін сын естіді.