08 там, 2018 сағат 10:27

Сағынтаев ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысын өткізді

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Отырыс барысында 2019-2020 жылдарға арналған жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Ыстамбұл жоспары аясында Ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қою мәселелері талқыланды. Бұған қоса, биыл қараша айында Парижде өтетін Еуразия апталығы - 2018 шарасына Қазақстанның қатысу мәселесі қаралды.

Бүгінде ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық бойынша 8 пысықталған жоба бар және 2 жоба дайындалу сатысында тұр. Олардың арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыру және жер қойнауын пайдалану, цифрландыру, туризм және т.б. салаларға тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жобалар бар.

Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру және қабылданып жатқан шаралар аясында 2004 жылдан бастап ЭЫДҰ-ның субаймақтық бағдарламасы - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Ыстамбұл жоспарына қатысады.