28 там, 2018 сағат 11:55

Сағынтаев: Біздің басты міндетіміз - әрбір азаматты еңбекке тарту

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау жөніндегі жол картасын іске асыру барысын қарау қорытындысы бойынша формальды емес жұмыспен айналысатын адамдарды ел экономикасына тарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы азаматтардың статусын анықтау және оларды ел экономикасына тарту бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Аталған жұмысты жалғастырып, жаңғырту қажет. Біздің басты міндетіміз – әрбір азаматты еңбекке тарту», — деп Премьер-Министр, әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.  

Бақытжан Сағынтаев цифрландыру арқылы азаматтардың деректерін анықтаудың ұсынылып отырған жаңа форматы дұрыс әрі уақытылы екенін атап өтті. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп цифрландырудың жаңа арналарын енгізуді қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Сонымен қатар, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамтуды формализациялау жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыстарды жылдамдатуы қажет.

Еске сала кетейік, Формальды емес жұмыспен қамтылған халықты формализациялау және оларды еліміздің экономикасына тарту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында жыл басынан бері мемлекеттік деректер базасында 1,385 млн адамның статусы анықталды.