22 қаң, 2019 сағат 11:21

Сағынтаев «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда кедергілер барын айтты

Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасын" тыңғылықты жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

"Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" - ауқымды бағдарлама. Сондықтан біз әрбір бастаманы сапалы жүзеге асыруға міндеттіміз. Баяндамадан көріп отырғанымыздай, жалпы барлық бағыттар бойынша жұмыстар орындалып жатыр. Бірінші бастама (халықты қолжетімді баспанамен қамту) бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Асқар Ұзақбайұлы (Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин) Данияр Талғатұлының (Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев) тарапынан айтылған ұсыныстарды осы аптаның соңына дейін қарап, жұма күні шешімін шығару керек. Шын мәнінде біраз кедергі бар. Оның бәрін жойып, бағдарламаның жүруін жылдамдатуымыз қажет", - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің айтуынша, «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» атты екінші бастама орындалды. 20 мың білім грантын бөлуді көздейтін үшінші бастаманың бірінші бөлігі жұмысын аяқтады. Екінші бөлігі студенттерді жатақханамен қамтуды көздейді.

"Ерлан Кенжеғалиұлы (Білім және ғылым министрі Сағадиев), әкімшіліктермен бірлесе отырып, бүгінгі айтылған ұсыныстардың барлығын тағы бір пысықтап алу қажет. Егер биыл 5 мың жатақхана орны тапсырылуы керек болса, онда соның барлығын орындауымыз қажет", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, халықтың табысының артуын қамтамасыз ету үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халыққа микронесие беруді көздейтін төртінші бастама бойынша негізінен индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бірақ талап етілген сапасы өте төмен. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмеген Микронесиелер 4 өңірден басқа облыстарда 100 пайыздан төмен игерілген.

"Бесінші бастама уақытында салынып, іске қосылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Қанат Алдабергенұлы жұмыс жүргізіліп жатыр, Бақылауыңызда болсын", - деді Премьер-Министр  "Сарыарқа" магистралды газ құбырының құрылысына жауапты Энергетика министрі Бозымбаевқа қарата.