Қазақстандық өнертапқыштар құлаққаппен музыка тыңдауға әуес жаяу жүргіншілердің өмірін сақтап қалуға арналған мобильді қосымшаcын ойлап тапты.
Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары көбеймесе, азаймай отыр. Мәселен, Астанада жыл басынан 170-тен астам жол көлік оқиғасы тіркелген.
«Зардап шегушілердің айтарлықтай бөлігі құлаққап таққан жастар. Құрылғыны құлағынан шешпейтін олар, көбіне сыртқы дыбысты естімей, соңы қайғылы жағдайға алып келетін жағдайға ұшырайды», – дейді жол полициясы қызметкерлері.
Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекованың ақпаратынша, жол апаттарының 81-і жаяу жүргіншілердің кінәсынан болған.
«Жаяу жүргіншілер кей кезде құлақтарына таспа киіп алып, жан-жағына қарамай, жолды кесіп өтеді. Жүзден астам жаяу жүргінші дене жарақатын алған. Оның ішінде тіркелген апаттың 11-і өкінішке орай қайғылы оқиғамен аяқталды. Әсіресе теміржол өтпелерінен өткенде өте сақ болу керек. Өйткені автокөлікке қарағанда теміржол көлігі өте қауіпті, тез тоқтай алмайтын құрал болып есептеледі», – деді С.Қылышбекова.
Құлаққап таққан меломандарды көшеде апаттардан сақтау мақсатында алматылық жас өнертапқыштар «Safe and Sound» қосымшасын ойлап тапты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жәңгір Сиранов пен Жәнібек Манабаев өз инновацияларын жаз мезгілінде Астана қаласында өткен Ұлттық робототехника Олимпиадасында таныстырып, жүлделі орынды иеленген болатын. Олардың айтуынша, әлемде баламасы жоқ мобильдік бағдарлама біраз адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
«Жоба туралы идея құлаққап таққан қызды, автобус қағып кеткені туралы жаға ұстатарлық видеоны көргеннен кейін пайда болды. Артынша жол апатының алдын алуға арналған осындай қосымшаны 3 айдың ішінде ойлап таптық», – дейді жоба авторларының бірі Жәңгір Сиранов.
Жәңгірдің әріптесі Жәнібектің айтуынша, бүгінде мобильдік қосымша жан-жақты тестіленіп, жетілдірілуде. Ол әртүрлі климаттық жағдайларда сынақтан өткізілуде.
Атап өтілгендей, қосымшаны әр қолданушы өзі пайдаланатын құлаққап баптаулары бойынша орнатуы керек. Мобильдік қосымша әуенді бар дауысында тыңдап келе жатқан адамға өзіне қарай жүйіткіген көлікті туралы бірден белгі береді. Яғни «Safe and Sound» қосымшасы смартфонның дыбыс күшейткішін автоматты түрде басып тастайды.
Қосымша алдағы 2-3 айдың көлемінде баршаға қолжетімді болады деп жоспарлануда.
Дереккөзі: 24.kz