Фото: president.kg
Facebook қолданушысы Аида Сасыбаева Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтан қырғыздарға тіл тигізгені үшін кешірім сұрауды талап етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.
Ол президенттің қырғыздарды жалқау деп атағаны ұнамағанын атап өтті.
"Бұл менің ұлттық ар-намысыма тиеді, мен сізден кешірім сұрауды талап етемін. Өзіңіздің абайсызда айтқан сөзіңізбен менің еліме, халқымның беделіне нұқсан келтіресіз. Осындай кемсітетін сипаттама кесірінен басқа елдерде біз туралы жағымсыз пікір туындауы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай көзқарас балаларға теріс әсер етеді, балалардың өзін, ата-анасын, туыстарын және тұтастай алғанда бүкіл халықты қабылдауын бұзады", - деп жазды ол.
Аида Сасыбаева президент "ойланып, көпшілік алдында кешірім сұрайды" деген үмітін білдірді.
"Әйтпесе, мен барлық әлеуметтік желілерде флешмоб жариялауға мәжбүр боламын. Бұл акцияға жеткілікті адам қосылғанда, ереуілді бастайтын күнді анықтаймыз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Садыр Жапаров Көлік және коммуникация министрлігіне жол техникасын тапсыру рәсімінде қазақ пен қырғыз жол салушылары туралы әзіл айтқан болатын. Бұдан кейін Жапаров Президент әкімшілігіне арналған ғимарат қырғыздардың жалқаулығынан баяу салынып жатқанын атап өтті.