Қазақстандық Садриддин Ахмедов (10-0, 9КО) кәсіпқой бокстағы оныншы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.
С.Ахмедов Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде өнер көрсетті. Бірінші орта салмақтағы айқаста оның қарсыласы мексикалық «Ковбой», 31 жастағы Джонни Наваррете (33-15-2, 15КО) болды. Жекпе-жек сегіз раундқа есептелді.
Қазақстандық спортшы қарсыласының профи-рингтегі үлкен жеңістерінен сескенген жоқ. Керісінше, бар тәжірибесін көрсетуге тырысып бақты. Нәтижесінде оны техникалық нокаутқа жіберіп, Наварретте соңғы раундқа шықпай қалды.
Осылайша, Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді, оның тоғызын мерзімінен бұрын аяқтады. Ол WBC нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы және бірінші жартылай салмақта Азияның WBC чемпионы. Жасы – 21-де.
Ал Наваррете айқастарының көбін өз отанында өткізген. Оның қарсыластары бірінші орта салмақтағы WBO әлем чемпионы Хайме Мунгие (34-0, 27КО) мен Сауль Альварестің бауыры Рамон Альварес (28-8-3, 16КО) болған. Мексикалық боксшы олармен екі реттен кездесіп, көбінде жеңілген. Бір мәрте Рамон Альвареспен тең түскен.
Айта кетейік, Boxrec.com мәліметі бойынша, қазақстандық спортшының келесі айқасы жоспарланып қойған. Ол рингке 7 желтоқсан күні Канаданың Монреаль қаласында қайта шығады. Қарсыласы әзірге белгісіз.