29 қаң, 2021 сағат 08:27

Сәбит Оразбаев І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының актері Сәбит Оразбаевқа І дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл мәртебелі марапатқа танымал актер мәдениетті дамытудағы айрықша үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен иеленді.

Салтанатты тапсыру рәсімінде Мемлекеттік хатшы сондай-ақ Сәбит Оразбаевты 85 жасқа толған белесіне орай ізгі тілегін жеткізіп, Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың мерейтой иесіне жолдаған құттықтауларын оқып берді.

 

Сәбит Оразбаев – саналы ғұмырын театр сахнасына арнаған дарынды актер. Жарты ғасырлық актерлік қызметінде ол қазақ және әлемдік классикалық, заманауи драматургиядан 100-ден аса драмалық рөлде ойнады. 

Шығармашылық жолын комедия жанрында бастап, «Бөлтірік бөрік астында», «Құдалар келді», «Беу, қыздар-ай» спектакльдерінде шеберлігімен ерекшеленіп, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көпеш – Баян Сұлу», А.Чеховтың «Ваня ағайында» жарқын бейнелерді сомдады.

«Еңбегімізді бағалап жатқандарыңызға рахмет. Қазақстан деген елде, жерде, туған-туыстарымыздың ортамызда аман есен жүргенімізге шүкір», - деді Сәбит Оразбаев.

Сондай-ақ мемлекеттік хатшы «Nomad Stunts» каскадерлік тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновпен кездесіп, белгілі қазақстандық каскадерді Дүниежүзілік каскадерлер академиясының (АҚШ) беделді «Taurus» сыйлығымен марапатталуымен құттықтады.

Қ. Көшербаев бұл беделді халықаралық марапаттың Қазақстан каскадерлерінің жоғарғы шеберлігін мойындағаны ғана емес, қазақстандық мәдениет пен кино өнеріне қосқан зор үлесі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жайдарбек Күнғожиновке «Мәдениет саласының үздігі» медалін табыс етті.

«Отандық дистрибуция тарихында сәтті шыққан қазақстандық толықметражды тарихи кинотуынды - «Томирис» картинасы. 2019 жылдың қыркүйек айындағы фильмнің тұсаукесерінен кейін аталған кинокартина Қазақстанның кинотеатралды прокатында көш бастады. «Томирис» көркем фильмі бүкіл әлем көрермендерінің көңілінен шығып жатыр. Қазірдің өзінде картинаны көрсету құқығын Америка, Түркия, Италия, Испания, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея, ТМД, Сингапур, Румыния және Франция сияқты елдердің дистрибьюторлары алып үлгерді. Nomad Stunts тобын және оның жетекшісі Жайдарбек Күнғожиновты осы үлкен жетістікпен әрі «Мәдениет саласының үздігі» медалімен құттықтаймын және үлкен жеңістер тілеймін» - деді министр.